​КӨЛДЕНЕҢ сызығы бар киімді КІМДЕРГЕ киюге болмайды?

0
4 368

Мұндай ырымға сіз сенесіз бе?


​КӨЛДЕНЕҢ сызығы бар киімді КІМДЕРГЕ киюге болмайды?

Көненің көзін көрген, өмір көрген салт-дәстүрден хабары бар және оны кейінгілерге айтып, жеткізіп отыратын дана қарияларымыз көп емес.

Мүмкін ескіліктің сарқыншағы деп салт-дәстүр, ырым-тыйымдар туралы тыңдағысы келмейтін жастар да кінәлі шығар бұған.

Дегенмен, мен өз басым ырым-тыйымға сенемін және бұлай болуына менің өз басымнан өткен жағдай себеп болып еді.

Былай қарасаң, кейде адам сенгісіз, кейде шынында да алғаш естігенде күлкілі көрінетін ырымдар болады. Алайда ол тек қана адамның сеніміне байланысты орындалмайды, шынында да тыйым салынған, жасауға болмайды делінген істің атқарылмағаны да дұрыс. Себебі, оның салдары қалай болатыны көп жағдайда тура келіп жататындықтан болса керек.

фото: youtube.com

Тұрмысқа шығып, білетінімнен білмейтінім көп кезде талай нәрсеге таң қалғанмын. Аяғым ауыр кезде үйге үлкен жастағы әпкеміз келген болатын қонаққа. Атамның әпкесі еді ол кісі. Маған көп ақыл-кеңестерін айтатын. Әрине, мен жас келінмін, кейде шыны керек «көп сөйлеп кетті ғой. Барлығын біліп туғандай болып, тым көп ақыл айтады» деп ренжитінмін. Шынында да жас келінге өзінің білетінін де, білмейтінін де қайта-қайта айта берсе, шамына тиеді ғой. Бір отбасына келін болып келіп, ол үйдің адамдарына, тәртібіне үйренісу де оңай іс емес. Солай жан-дүниең тыныштық таппай жүрген шақта өзінікін тықпалай берді деп келіннің де ренжуі орынды. Егер келіннің өзі одан ақыл-кеңес сұрап, білмегенін үйренгісі келсе немесе бір істі дұрыс атқара алмай жатса, ол қылығы үлкендерге өрескел қателік болып көрінсе онда келінге жөнін айтып, орнына қоюға болады. Жалпы, екі жақтан да түсіністік қажет мұндай жағдайда.

Менің аяғым ауыр болған соң сол әпкеміз барынша көңіліме қарап, жылы сөйлейтін болды. Ұрыспайды, ақылын айтады. Соның өзінде менің қабағыма кірбің түсіп қалмаса екен деп аса сақтықпен, байыппен әңгімесін бастайтын. Әдеттегідей үйге қонақ болып келген кезінде алдынан жүгіріп шықтым. Иіліп сәлемімді салып, қонақ етіп барынша баптап күтімін жасауға тырыстым. Бір кезде «келін бері келші, бірдеңе айтам сен ренжіме» деді. Үстіңдегі көйлегіңді ауыстырып киші, мұны босанып болған соң кие берсең болады. Қазір сенің аяғың ауыр, ал көйлегіңнің сызығы көлденең екен. Екіқабат келіншек көлденең түскен сызығы, көлденең гүлдері бар киім кимейді. Бұл сондай ырым. Өйткені, іштегі бала туылар сәт жақындағанда көлденең келіп қалады деді. Дәрігерлерден, жүкті аналардың өзінен де бала көлденеңінен жатыр, жамбасымен келіп тұр, аяғымен келіп тұр, бала теріс жатыр дегенді естіген шығарсыздар? Менде де дәл сондай жағдай болды. Әпкемнің сөзін естіп, таң қалдым, себебі мен содан бір апта бұрын УДЗ-ге түскенде дәрігер «Бала қиғаштанып жатыр, босанар кезде қиын болады. Сондықтан, қазірден бастап күнделікті жаттығу жаса» деген болатын. Жүкті ана үшін барлығы уайым ғой. Мен де уайымдап жүрген болатынмын. Әпкеміздің сөзінен соң, шынында да таң қалдым мен. Матасы жұмсақ әрі ыңғайлы деп үйге киіп жүрген халатымды өзім таңдап сатып алғаны едім. Бірақ оның көлденең түскен сызығына мән бермеппін. Содан әпкеме рақмет айтып, дереу халатымды ауыстырып алдым. Қызымды босанғанша ол киімді қайтып кимедім. Аллаға шүкір, қызым оңынан туылды.

Содан кейін мен ырымға сенетін болдым. Бұл рас екен өз басымнан өткен жағдай. Бұрын әжелерімізден естіген едім, жеңгелеріме айтып отыратын бірақ өзім соны ойламаппын.

Жүкті әйелге қатысты ырым-тыйымдар көп қой, содан кейін мен шынында да ырымдарға мән беретін болдым. Өзім де әпкем секілді жас келіндерге «білмегенін» айтып жүретін болдым.

Жазып алған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


КЕЛІН бұлай жасамауы ТИІС


Баланың құлағына "ен" түссе нағашысына бару керек