Кейде елеусіздеу көрінгенімен, келін осындай тыйымдардан-ақ өзінің абыройын арттырып, еліне сыйлы келін атана алады.
фото: kaz.nur.kz
Қазақтың қызы мен ұлына, келіні мен күйеу баласына қатысты ырым-тыйымдар, тәрбиелік мәні бар ұстанымдарды өз орнымен қолданған да дұрыс.
Шыны керек, қазір «қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деп ырымға сенбейтіндердің қатары да көп. Алайда, мұның бір шеті әдеп-иба мен ұрпақ тәрбиесіне келіп тіреледі.
Мысалы, келін алғаш рет ақ босағаны имене аттап, қайындарына, қайынсіңлілеріне ат тергеп, ата-енесінің алдынан көсе-көлденең өтпей, иіліп сәлем етіп келіндік міндетін атқарады.
Келіндік міндетті мінсіз атқару деген тек бұл ғана емес, қазақтың ежелден жалғасып келе жатқан, әдептілік нормаларына сай келетін дүниелерді сақтау. Яғни, келіннің де келген жерінде жасай алмайтын, жасауға болмайтын ұстанымдары болуы тиіс.
Кейде елеусіздеу көрінгенімен, келін осындай тыйымдардан-ақ өзінің абыройын арттырып, еліне сыйлы келін атана алады.
Болашақ келінді, яғни қыз баласын да келіндік өмірге ерте бастан дайындайтын аналарымыз келініне тікелей нұсқау жасап, бұйрық бермеген. Есті келін ата-енесінен қатаң бұйрық күтпей-ақ, «айналайынымен» жеткізген бұйыртпаларын бірден түсініп, атқаратын болған.
Егер келіннің қандай да бір кемшілігін көріп, оған ескерту жасағысы келетін ене де келініне өз қызы арқылы ескертулерін білдірген. Мысалы, «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!» дейтін ата-бабаларымыздың өсиеті де тәрбие көзі.
Ана қызына өсиет айту арқылы, келінін де тәрбиелей алған. Алайда, тұрмыс-тіршілікке байланысты әр өңірдің ұстанымдары әр түрлі болғандықтан, келінге қойылар талап та өзгере түседі.
Құрбы келіншектің келін болып түскендегі өз басынан өткізген жағдайлар туралы, алған сабақтары жөнінде өзінің жаңадан тұрмысқа шыққан сіңлісіне ақыл-кеңес айтып отырғанын өзінің рұқсатымен сіздерге жариялайын.
фото: tengrinews.kz-Мен жас келін болып, ақ босағаны аттаған кезімде әлі де бала едім. Әлі де келіндік өмірден, отбасылық өмірден хабарым жоқ болғандықтан, мен алғашқы кездерде қатты қиналдым. Өз үйімде емін-еркін жүріп-тұрып үйренген маған енемнің шектеулері онша ұнай қоймады басында. Бірақ, анамның да маған берген тәлім-тәрбиесі бар. «Қызым, қашанда енеңнің көңілінен шығуға тырыс. Саған бірдеңе ұнамауы мүмкін, бірақ барған жеріңнің тәртібіне көніп, бағынсаң, сонда ғана сол үйдің бір мүшесіне айнала аласың» деген өсиеті де бар.
Мен анамның тілін алдым. Енем маған шектеу қоя береді деп жатып кеп жамандайтын қазіргідей ұялы телефон екінің бірінде жоқ еді ол кезде. Менің де мұңым ішімде болып, ішіме сыймағанда жылап-жылап алып, ертеңіне түк болмағандай жүре беруші едім. Сондағы енемнің көрегенділігі, ақылдылығы шығар деп ойлаймын, көңіл-күйім болмай, жылағаннан көзім қызарып жүргенімді көріп, одан сайын езгілеп, тұқыртпайтын еді. Керісінше, мұндай кездерде кішкене бұрынғысынан гөрі жұмсақтау болып, өзінің де артық кеткен тұстарын дереу түсіне қойып, ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынасты берік ете түсуге күш салатын. Кейде отырғызып қойып ақылын да айтатын, артық кеткен тұстары үшін қателік жасағанын да мойындай білетін. Өмірлік мысалдар арқылы мені ойландыра білетін, енемнің ақылдары арқылы мен өз бойыма сын көзбен қарай бастадым. Кемшіліктерімді түзедім.
Одан жаман болған жоқпын.
Ал қазіргі жас келіндер, барлығы демеймін, бірақ көпшілігі біз өткен жолдармен емін-еркін жүріп өте алмайды-ау. Солардың бірі жаңа өзің куә болған сіңлім. Анасына айта алмағанды маған айтады, менен ақыл сұрайды. Өйткені, анасын уайымдатқысы келмейді. Барлығымыз да солай етеміз ғой. Мен де оған барынша жақсы болғанын қалаймын ғой, өз өмірімнен мысалдар келтіре отырып, ақыл-кеңестерімді айтамын.
Қазір де маған енесінің «ұрысқанын» айтып жатыр. Ата-енесінің бөлмесін жинап жүріп, «сәл демімді алайыншы» деп олардың төсегіне отырған. Сол ата-енесінің төсегіне отырғаны үшін оңбай ұрыс естиді. Сіңлімнің маған айтар уәжі сол «Мен отырсам кірленіп қала ма? Не болады екен? Мен ол төсекке шалқамнан түсіп жатқан жоқпын ғой, бар болғаны бір бұрышына ғана отырдым» дейді.
Мен сіңліме енесінің айтып отырғаны дұрыс екендігін, қазақтың бұрыннан келе жатқан дәстүрі бойынша бұл әдепсіздіктің көрінісі. Қазақтың келіні енесі мен қайын атасының төсегіне отырмайды. Бұлай етсе арадағы сыйластық бұзылады, адамдық жойылады, құрметтен айырылады, келіннің етегі ашылады деп қатал тәртіппен тиым салып, жаман ырымға жатқызады. Осыны айтып түсіндіріп отырған жерім еді. Бір білместік болыпты, енеңнен кешірім сұрап, бұдан кейін ескере жүретініңді айт дедім.
Менде де осыған ұқсас жайдай болған бұрын. Жас келін болып босаға аттаған сәтімде мен де осы сіңлім секілді едім. Жекеменшік аулада тұратындықтан, есік алдындағы шаруаларды да істейтінмін. Жаңбырлы күн еді, далаға шығу керек болды. Күн де суық еді, аяғыма қабаттап қалың шұлық кигендіктен, киюге оңай болсыншы деп үлкендеу кебісті аяғыма кие салған едім.
Сөйтсем, ол атамның кебісі болып шықты. Негізі толып тұрған аяқ киімдердің ішінен діл соны кигенімді айтсаңшы. Соны көріп, атамның қабағы қатуланды, енем ұрысты. Қайын атаның аяқ киімін, жалпы ер адамдардың аяқ киімін әйел адам киюге болмайды. Өйткені, «ер адамның аяқ киімін кию арқылы оның билігін де аласың, олардың мысын табанға салып таптайсың» деген ырым бар екен.
Осыдан кейін мен көбінесе тек өзіме ғана тиісті дүниелерді пайдаланып, шекарадан аттап кетпеуге барынша тырысып жүрдім. Бірте-бірте адам сол нәрсеге үйреніп, өзі де әдепті, ар-ибасын жоғалтпаған дана келінге айналып шыға келгенін де байқамай қалады екен.
Сіңліме де сол өзім жүріп өткен жолдардан сабақ үйретіп, үлкендердің тектен-текке бірдеңе айтпайтынын, олардың көргені мен түйгені бізге қарағанда көбірек.
Сонымен қатар, адамның жасы ұлғайған сайын түп-тамырына тартады. Ал түп-тамыр дегеніміз, ол ата-бабалардан жалғасып келе жатқан дәстүр.
Жазып алған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
Баланың құлағына "ен" түссе нағашысына бару керек
«ОРАМАЛ - ТОН болмайды, ЖОЛ болады» дегеннің МӘНІН ТҮСІНІП жүрміз бе?