Қонаққа жастық ұсыну қалай пайда болған?

0
4 747
Оқиға былайша баяндалады.

Қонаққа жастық ұсыну қалай пайда болған?

ото:infourok.ru

Қонақ келгенде жастық ұсыну - қазақ халқының ең бір тамаша дәстүрінің бірі. Ықылас пен ілтипатты білдіретін оның қалай пайда болуы туралы аңыз бар. Сонымен қатар, дастарханды аяқасты етпеудің де сыры осынау аңызда тамаша суреттеледі. Үйіңізден құт пен береке үзілмесін десеңіз, мұны ұдайы жадыңызда ұстауға тиіссіз.

Мұны үлкендер де, кішкентайлар да білуі керек. Білмегендерге айту – білетіндерден парыз.

Дастарханның қадірі мен қасиеті жайлы, оны қастерлеп ұстаудың мәні туралы «Салт-дәстүр сөйлейді» атты кітапта керемет келтірілген. Кітапта дастарқанның қасиетін пайғамбардың өміріндегі естелікпен байланыстырғанын байқауға болады. Оқиға былайша баяндалады.

Пайғамбар пырақпен миғражға ұшқанда Аршыдан өтіп, шексіз, үлкен дарияға тап болады. Сол жерге келгенде пырақ:

– Ей, Мұхамбет, мына дариядан мен түгіл, бірде-бір періште өте алмайды. Дарияның шеті жоқ, шегі жоқ. Ұшқан мақұлық дарияның ортасына да жете алмайды. Сондықтан мен ары қарай алып өте алмаймын, – дейді. Мұхамбет пырақты қоя беріп, дарияның жағасына келгенде, Жебірейіл періште жайнамаз әкеледі.
– Ей, Мұхамбет, мына жайнамазға отырсаң, ол сені демде дариядан өткізеді. Алланың дәргейіне жеткізеді, – дейді. Пайғамбар жайнамазға мініп, екі рәкәт намаз оқиды. Жайнамаз ұша жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша оны дарияның арғы бетіне жеткізіп, Алланың дәргейіне әкелді. «Намаз – мұсылманның миғражы» деген нақыл сөз осыдан қалса керек-ті. Пайғамбар жайнамазды тастамай, үмбетіне ала келіпті.
Тәңірі тағала ақ дастархан жайып, күтіп алады. Пайғамбар дастархан басына жайғасады. Күллі періште қызмет етуді мәртебе санайды.
Сол кезде Ұлық Алла періштелеріне:
– Менің сүйікті пайғамбарымның шынтағы мамыққа тисін, – дейді. Періштелер пайғамбарымыздың оң иығына жастық әкеліп қойыпты. Содан бастап мұсылман қауымында қонаққа жастық ұсынатын дәстүр пайда болады. Қазақтар жастықты миғраждан келген киелі зат деп сенеді. «Жастықты астыңа басып отырма», «жастықты теппе» дейтіні содан екен.
Алла тағала пайғамбарға:
– Достым, не қалайсың? Бүгін сұрағаныңның бәрін беремін. Мен сені екі дүниенің нығметіне қатар бөлеймін. Мына дастархандағы ас-ауқат жәннәттің ең асыл тағамдарынан саған арнайы дайындалып жасалған. Дастарханнан дәм ал, – дейді. Сол кезде Мұхамбет пайғамбар:
– Менің үмбетім де осы дастарханнан үлес ала ма? – деп сұрайды.
– Жоқ, тек саған ғана. Мен бұл тағамдарды сенің бір өзің үшін ғана әзірлеттім.
– Олай болса, үмбетіме бұйырмаған астан тойып ішуге менің ар-ұятым жібермейді, – деп, дәмге қол созбай отырып алыпты.
– Онда мына дастарханды берейін. Ішіне ырыс, дәулет, берекені жасырдым. Үмбетіңе айт. Егер дастарханын таза ұстап, адал асқа ғана жаятын болса, күллі ырысты сол дастархан арқылы табады.
Пайғамбар дастарханды өзімен берге миғраждан ала келген екен. Үмбеттеріне «шаңыраққа береке кірсін десеңдер, дастарханға арам ас жолатпаңдар, аяқасты етпеңдер
» деп өсиет қалдырыпты.

Жинақтаған - Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет