"КҮЙЕУДІҢ ҚАЛТАСЫН ҚАРАҒАН" дұрыс па?

0
7 996

Мұны «күйеу қалта» немесе «күйеу қоржын» дейді.


Тұрмысқа шыққан қыз баласы төркіндетіп келгенде немесе атастырылған қыздың үйіне алғаш қадам басқан болашақ күйеу міндетті түрде қайынжұртына, балдыздары мен жеңгелеріне арнап сыйлықтар ала келеді. Мұны «күйеу қалта» немесе «күйеу қоржын» дейді.

Қазіргі кезде «күйеу қалтаны» арнайы қоржынға салып алып келеді. Оның ішінде ұсақ-түйек, айна-тарақ, сабын секілді сыйлықтар болады. Ал қоржынның сыртына түрлі әшекейлер, сырға, моншақ секілді қыздарға арналған әсемдік бұйымдарын іліп қояды.

Мұны негізінен күйеу жігіттің балдыздарына арнап әкелетін сыйы делінеді. Бұл салт бұрыннан бар. Бірақ қазір өзгеріске ұшыраған бұл салтты әр жерде әрқалай орындалып жүргенін көріп жүрміз.

Біздің жақта бұл салтты күйеу жігіттің өзі орындауы тиіс. Қалыңдығынан жасы кіші балдыздарына арналған сыйы ретінде өзі барлығына үлестіріп шығуы тиіс.


Жақында атап айтпай-ақ қояйын, еліміздің басқа өңіріне барып, «күйеу қалта» салтының басқаша орындалатындығының куәсі болдым.

Қалыңдықтың жеңгелері сол шаңыраққа жаңадан қадам басып келе жатқан күйеу баланың қалтасын тексеріп, ондағы сыйлықтарды таласып алады екен. Бұл да бір өздеріне қызықты шығар. Бірақ менің көзіме өте ерсі көрінді.

Оның үстіне мен көрген салтымызда ешқашан қыздың жеңгелері, сол әулеттің әйелдері немесе тұрмыс құрған әпкелері мұндай салтқа қатыспаған. Тек қалыңдықтың сіңлілеріне жұғысты болсын деген ырыммен, бір жағынан, жезденің балдыздарына деген сыйлығы деп түсінетін едім.

Бірақ мұнда үп-үлкен әйелдер күйеу баланың қалтасына жармасып, сыйлықтарына таласып жатқаны ыңғайсыз екен.

Кісінің қалтасына қол салу өте ерсі көрінеді, әдепсіздікке жатады деп ойлаймын өз басым. Бұл ойымды жанымдағы келіншектерге айтып едім, олар күліп «бұл қазақтың салты ғой, күйеу бала да осындайға дайын болып, қалталарын толтырып келеді» деп жауап берді.

Қаншама қыз ұзатып, келін түсіріп жатырмыз ғой, бірақ мұндай көріністі алғаш көруім.

Сондықтан мен қызығып интернеттен нақты деректерді іздедім және тапқан мәліметтерім мен қазіргі орындалып жүрген салттың ұқсастықтарын байқадым.

(Суреттер ашық дереккөзден алынды)

...«Ең алдымен жігіттің ата-анасы өз үйлерінде көрші-қолаңын, туыс-туғандарын шақырып «қоржын шай» береді. Қонаққа келгендер қоржын тігу, қоржын салу үшін жиналады.

Дастарханнан дәм татқаннан кейін жиналған қыз-қырқын өздерінің келген негізгі жұмыстарына кіріседі. Тойға шашу деп әкелген қант-кәмпиттерін, киім-кешегін, орамал-матасын салып қоржынның аузын байлайды. Құдалар жақта қоржын ашатын әйелдің кәдесі деп орамал байланып бір көйлектік мата салынады. Қоржынның барлық керегі түгенделіп салынғаннан кейін сыртына түрлі алқа-моншақ, білезік, жүзік және т.б қыз балаларға арналған әшекейлер тігіледі. Қалташаның сыртына тігілген алқа-моншақ, әшекейлер қаншалықты молынан болса, жігіттің туған-туыстары болашақ келіндерінің сұлулығы мен тәрбиесіне соншалықты риза болғандықтарын білдіреді. Қыздың үйіне апарылған бұл қоржынның сыртындағы барлық әшекейлерді қоржын сөгуге қатысқан тұрмыс құрмаған қыздарға беріледі. Бұл жұғысты болсын, жақсы жерге келін болсын деген ниетпен орындалатын жоралғы. Әкелінген кәде сый, дәмнің барлығы құдаласуға келгенде арнайы уақыт бөлініп әйелдер бірігіп «қоржынды сөгу», «қоржын ашу» рәсіміне кіріседі. Қыздың ата-анасына салынған сыйлықтар табысталып, тәтті-дәмді және басқа да тағамды қоржын сөгуге қатысқан қонақ әйелдерге таратылады.

Қыздың ата-анасына, яғни құдаларға әкелінетін қоржын түрлері бірнешеу. Солардың бірі құда қоржын мен күйеу қоржын. Екі қоржын да арнайы кәде сыймен толтырылып қыздың отбасына апарылады. Басты айырмашылықтың бірі күйеу қоржын қыздың үйінде қалады. Ал құдалар әкелген қоржынның іші кәде сыйға толтырылып кері қайтарылады. Осылайша, отбасы болып, отау құрған екі әулетке ортақ қуаныштарға әкелінген қоржын сый кәдеге толтырылып екі отбасының арасында жүреді. Бұл әрине, құдалар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту және сый-құрметті арттыру».


Осы мәліметті қарай отырып, қазақтың әдемі салтын бұзып, күйеу жігіттің қалтасын тінтіп, жабайылық көрсетіп жүрген өзіміз екен ғой деген ойға тірелдім.

Қазақтың көне салттарын жаңаша үлгіде жасауға болатын шығар, бірақ ол ешқашан өзінің мәнінен, түпкі мақсатынан айырылып қалмауы тиіс.

«Күйеу қоржын» деген әдемі дәстүрді осылай мазаққа айналдырып, өзі қайынжұртымен алғаш рет танысуға келіп отырған күйеу баланы ыңғайсыз жағдайда қалдырмау керек.

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


БАТА БЕРГЕНДЕ және АЛҒАНДА нені ұмытпау керек?


КІНДІК ШЕШЕНІҢ міндеті қандай?