​Құлақтың шыңылдауы нендей құпияны айтады?

0
40 835

«Қай құлағым шыңылдады?» деген сұрақ сізге де сан мәрте қойылған шығар.


​Құлақтың шыңылдауы нендей құпияны айтады?

сурет: etodavlenie.ru

«Қай құлағым шыңылдады?» деді қарсы алдымда отырған қыздың біреуі. Екі көзін телефоннан айыра алмаған құрбысы "оң" деді. Сұрақ қойып отырған қыз ырза болып қалды. Соған қарағанда құрбысы дұрыс жауап берген-ау.

Сізге де бұл сұрақ сан мәрте қойылған шығар. «Оң құлағы шыңылдаса, біреу мақтап жатқаны», ал егер «сол жақтағысы шыңылдаса, сені біреу әбден сыбап жатқаны». Солай емес пе? Бұл бізде қалыптасқан сенім.


Шын мәнінде құлақтың шыңылдауында қандай мән бар. Медицина бұл жөнінде не дейді? Ал шариғат бойынша құлақтың шыңылдауында қандай құпия бар? Осы сұрақтар төңірегіндегі ізденісіміздің нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз.


Ғалымдар құлақтың шыңылдауы мен басқа дене мүшелерінің созылмалы ауруларының байланысы бар екенін анықтады.

Зерттеушілер құлақтың шыңылдауын («тиннитус» деп атайды) – құлақ ауруларымен, ми атеросклерозымен, есту қабілетінің нашарлауымен байланыстырады. Сондай-ақ медициналық препараттарды қолданудың әсерінен болады деген тұжырым жасайды. Ал 55 пен 65 жас аралығындағылардың құлағы жиі шыңылдайды екен.

Ғалымдар енді құлақтың шыңылдауы мен созылмалы аурулар мидың дәл қай бөлігінің зақымдалғанын көрсететінін анықтады. Ол бөлік – мидың ішкі медиалды префронталды қабығы мен оған іргелес жатқан ядро. Бұл бөлік адамның кез келген нақты себептерсіз созылмалы аурулардың пайда болуына жауапты.

Осы зерттеулерге қарап, ғалымдар енді құлақтың шыңылдауынан қалай арылуға болатынын қарастыруда.


Ал шариғат кітаптарынан құлақтың шыңылдауына қатысты мынадай деректерді кездестіруге болады.

Мұхамбет пайғамбар миғраж сапарында алып бәйтеректі көреді. Ағаштың жапырағына сан жетпейді. Әр жапырақта өмір сүріп жатқан адамдардың аттары жазылыпты. Пайғамбар Жебірейілден:

– Бұл не? – деп сұрайды. Жебірейіл:

– Бұл – адамның тағдыры. Кімнің дәм-тұзы таусылса, жапырақтың біреуі үзіліп жерге түседі. Жапырақ қиылғанда адамның өмірі қоса үзіледі. Жапырақ жерге түскенше, марқұм болған адаммен аттас пенделердің құлақтары шыңылдайды. Яғни, періштелер «Сенімен аттас бір адам дүниеден өтті, бұл күн сенің де басыңа келеді» деп тірілердің есіне өлімді салып тұрады. Егер ол марқұм пейішке кетсе, тірінің оң құлағы шыңылдайды. Ал егер тозаққа кетсе, аттасының сол құлағы шыңылдайды, – дейді.

Пайғамбар миғраждан қайтқан соң, үмбеттерін жинап алып:

– Оң құлақтарың шыңылдаса, «субханаллах» деп айтыңдар, сол құлақтарың шыңылдаса, «астапыраллах» деп тәубе етіңдер, – деп өсиет айтыпты.


Мінеки, құлақтың шыңылдауына екі түрлі себеп келтірдік. Дұрысын өзіңіздің таңдауыңызға қойдық. Құлағыңыз жиі шыңылдайтын болса, алтын уақытыңыздың кішкене бөлігін арнап, лор дәрігеріне тексеріліп алыңыз, бұл денсаулығыңыз үшін керек. Ал күніне кем дегенде бір рет «субханаллах» пен «астапыраллах» дегенді қайталап жүрсеңіз, ол да өзіңізге сауап.


Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


Тұңғыш баланы ата-әжеге беруге болмайды екен



«Ашамайға мінгізу» салты туралы білесіз бе?