«Ашамайға мінгізу» салтын көпшілігі сүндет тоймен шатастырады екен.
сурет:silkroadaward.com
Қазақта «ашамайға мінгізу» деген керемет дәстүр бар. Ашамай – баланың тайына арнайы жасалынған ердің бір түрі. Тайда ер-тұрман, үзеңгі болмайды. Өйткені баланың буыны мен бойы ер-тұрманды атты игере алмайды. Егер бәсіре тай асау болса немесе белгілі бір себептерге байланысты мінуге жарамаса, баланың өзімен шамалас жуас, жүрісі жайлы әрі сымбаты жарасқан тай таңдалады.
«Ашамайға мінгізу» салтын көпшілігі сүндет тоймен шатастырады екен. Негізінде екі дәстүр екі мақсатта орындалады. Сүндет той туралы білмейтіндер аз шығар. Біз «ашамайға мінгізу» дәстүрі туралы тереңірек таратып көрелік.
сурет:almaty-akshamy.kz
Бұл дәстүр бала 6-7 жасқа жеткенде оған ержетіп, аттың басын қайтара алатынын сездіру мақсатында орындалады. Бұл кезде баланы кез келген атқа не тайға отырғыза салмаған, оны көбіне бәсіреге берілген тайға отырғызады. Бәсіре – дүниеге келген сәби қырқынан шыққан соң немесе 2-3 айдан соң нағашы жұртына қонаққа барады. Алғаш рет босағасын аттаған жиенге нағашы атасы ат немесе тай мінгізеді. Кей аймақтарда бәсіреге ірі қара мал немесе ұсақ мал беріледі. Ал егерде баланың бәсіреге аталған тайы болмаса, атасы немесе әкесі тай сатып алып береді.
Тайды ерттеп мінген баланың сана-сезімі өседі, бойын қуаныш кернеп, мерейін өсіреді. Көкейіндегі мақтаныш сезімі оны биік шыңға жетелейді. Сабақ оқуға ынтасы артады, зейіні ашылып, саналы, тәрбиелі болып өсуіне септігін тигізеді.
Ашамайға мінген баланың құрметіне үйдің үлкендері дастарқан жайып, ас береді. Салтанатты мерекеге ауыл-аймақ, туған-туыс, ағайын түгел жиналып, баланың өзіне, киіміне, атына көрімдік пен сыйлық береді. Ауыл әжелері ырымдап үкі мен тұмар тағады. Бұл қазақтың кез келгені жасайтын "көз тимесін" деген сақтығы.
Ал баланы ашамайға мінгізу құрметі де кез келгенге жүктелмейді. Оны да аттың құлағында ойнайтын, көкпар алып, есімі алысқа тараған шабандоз жігіттер таңдалады. Атқа мінген кішкентайдың беліне айналдыра жұқа көрпеше орап, ағаштармен денесіне ауырлық түсірмейтіндей етіп тартып таңады. Ат үстіндегі бала алақанын жайып, ауылдың батагөй ақсақалдарының батасын алады. Сөйтіп ақсақалдардан бата алған, ата-ананың үмітін арқалаған бала қолына аттың тізгінін, оң қолына қамшы ұстап, ауылды аралайды. Ал әжелер мен аналар шашу шашып, ақ тілектерін арнайды.
Бұл рәсімнің орындалуына ықпал еткендердің бәріне де арнайы сыйлықтар үлестіріледі.
«Ашамайға мінгізу» - баланың денсаулығына өте пайдалы. Оның омыртқасының дұрыс қалыптасуына, атқа нықтап отыруына, үлкендерге қолқанат болуға, ерік-жігерінің мықты, табанды болып өсуіне ықпал етеді.
Дайындаған – Ләззат АХМЕТОВА,
Тағы оқыңыз:
Бесікті неге нағашылары әкеледі?