​Қыз төркінге келгенде ҚЫЗЫР қоса кіреді

0
1 320

Бұл әжелеріміз үнемі айтып отыратын салт.


​Қыз төркінге келгенде ҚЫЗЫР қоса кіреді

фото: islam.kz

«Қыз төркіндеп келгенде, босағадағы сыпырғы тығылып қалады. Жалғыз келсе босаға дірілдейді» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Тұрмысқа шыққан қыз ата-анасының үйіне келгенде қалаған нәрсесін алып кетуге ерікті. Сыпырқы «мені алып кетпесінші» деп тығылады екен» дейді, ал жалғыз келсе «күйеуі мен енесін жамандайтын болды» деп босаға дірілідейді екен. Бұл әжелеріміз үнемі айтып отыратын салт.

Дегенмен, қыздың айтқанын орындау мүмкін болмаған жағдайда қыз аяғын созып отырып жыласа «енді келмеймін» дегені. Бірақ та халықтың түсінігінде бұндай жағдайға жеткізбеуге тырысады. Себебі қыздың қалауы- жазылмаған, бірақ орындалуы тиіс заң.

Қазақ халқы қыздарын ерекше қадірлейді, бағалайды. Оны ұлға қарағанда көбірек еркелетіп, жатжұрттық деп сыйлайтын болған. Қыздарын өкпелеткісі келмейтін халықпыз. Себебі қыз бойжетіп туған шаңырағынан кететін болғандықтан ұлдан гөрі қызды жақсы көреді. Қыз туралы «жат жұрттық» деген сөз сондықтан пайда болған. Қазақ жанұясында қыздың орны бөлек. Қыз әрқашан ағасы мен жеңгелерінен биік отырады. Егер оны біреу өкпелетсе ол адамға: «Сен не, қыздың жат жұрттық екенін ұмыттың ба?» деп қатаң ескерту жасалынады.

Тұрмысқа шыққан қыздың туыс жағы «төркін» деп аталады. Бұл сөздің мағынасы «төр», демек қыз төрде отыратын сыйлы жақ деген мағынаны білдіреді. Егер қыз келін болып түскен ауылға келген жолаушы таныс болмаса да, бірақ қыздың ауылынан, немесе руласы болса онда қыз ол адамды «төркінім екенсіз ғой» жақын тартады. Өз кезегінде күйеу жағы да ол адамды құрметпен күтеді. Ал қыздың ата-анасы мен жақын туыстарына күйеудің ауылында құда деп ерекше құрмет көрсетіледі.

«Қыз төркіндеп келгенде ҚЫДЫР қоса кіреді» деген наным-сенім де бар.

Қыдыр қазақтың, одан қалса күллі мұсылман жұртшылығының асыға күтіп, ұлан-асыр етіп күтетін Наурыз мерекесінде ғана келеді деген түсінік қалыптасып қалған.

Күн мен түннің теңескен мезгілі, мұсылмандық күнтізбедегі жаңа жылда «Қыдыр қарап, бақ дарысын!» деп бір-біріне жақсы тілек тілеп, жақсы амалдарын көбейтуге тырысып жатады ғой.

фото: adebiportal.kz

Бірақ, Қыдыр жылына бір рет қана келмейді. «Қыз келгенде Қыдыр келеді» деп, бұрынғы әжелеріміз айтып отыратын еді.

Сөйтсек, мұның да астарында бір сыр бар екен ғой.

Қазақ қоғамындағы Қызыр немесе Қыдыр ата түсінігі де осы тұстан келіп шығады. Яғни оның әулиелігі тұрғысынан ел аралап жүріп кейде кейбір адамдардың көзіне көрініп, сол арқылы көрінген адамға Қызырдың берекесі даруы туралы әңгімелер кеңінен таралған. Шариғи тұрғыдан қарағанда да әулие кісінің кереметі деген рас болып саналады.

Ежелгі кезде халықтың түсінігі бойынша – Қызыр өлмейтін, әулие кісі болып, ел аралап, кейбір адамдардың көзіне көрініп, кім оны көрсе, сол адамға Қызырдың берекесі дарып, сол адам бақытты болады деген сенім болған.

Ал төркіндеп келген қызды ренжітпей, қонақ етіп, күтіп риза етіп шығарып салса, Қызырдың берекесі сол үйге дариды екен. Ата-бабамыз негізсіз ештеңені алға тартпайды. Қыз баланы құрметтеу, қадірлеу төріне шығару секілді сый-құрметтің барлығы да тегін емес.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«АҒАШ ЕКСЕ күнә жеңілдейді» деген ырым бар


Наурыз - МОЛШЫЛЫҚ АЙЫ