​Шайды ҚАЙЫРЫП ҚҰЮдың мәні неде?

0
3 947

Шайды қайырып құюда қандай сыр бар?


​Шайды ҚАЙЫРЫП ҚҰЮдың мәні неде?

фото: e-history.kz

Қазақ қонақжай халық. Қонақ келгенде төрге көрпеше салып, бар тәтті-дәмдісін дастарханға қойып, қонақты ерекше күтеді. Қонақпен бірге құт келеді деп сенетін ата-бабаларымыздың ұрпағы ретінде бұл дәстүрді бұзбай, күні бүгінге дейін сақтап келеміз.

Қонағына қой сойып, ет асып берумен қатар, дәмділеп шай беруді де меңгерген әйелдер шай құюдың да өнер екенін ұмытпаса керек. Шай құюдың да әдебі бар. Келген қонақ риза болып, батасын беріп кететіні де анық.


Енді осы шай құюдың әдебіне тоқталайық.

Қазіргі кезде бұрынғыдай самауыр қайнатып, от жағып жатқан ешкім жоқ. Соның өзінде қонағына шай ұсынғанда кейбіреулер ескермей жүрген дүние бар. Әр халықтың өзіне тән шай ішу әдебі бар секілді, біздің де шай ішудегі ерекшеліктерімізге мән берген абзал.

Әрине, әрбір әйел, әрбір қыз баласы шай құюды біледі. Бірақ қонаққа ұсынарда МЫНА ережелерді біле жүргеніңіз де артық болмасы анық.

Шайды кесенің үштен бір бөлігіне құйып, қонаққа ұсыну қонақты сыйлағандықтың белгісі. Баяғыда әжелеріміз кесенің ернеуіне жеткізе шай құйып, оны ұсынған адамды көрсе «осыны іш те, жөніңе кет дегенің бе?» деп ренішін білдіріп жататын еді. Ал, кесенің түбіне ғана құйған шайды көрсе «Суды сатып алдың ба?» деп қағытатын болған.

«Әжелердің бабын табу қиын, ештеңе жақпайды осы» деп жастар жағы ренжісе де, олар дұрысын айтып отыр.

Себебі, шай ұсынудың да сыйластыққа жататынын біліп өссе екен жас қыздар дейді.

Содан кейін шайды қайырып құюды ұмытпаған жөн. Жас келіндер бұлай жасауды ұмытып кетіп жатады. «Онда тұрған не бар екен, одан шайдың дәмі өзгеріп кетпейді ғой» деп жатады. Анамыздың шай ұсынғанын көріп өстік қой, шай ұсынардан алдын міндетті түрде үш рет қайыратын. Қызығушылығымыз артып, оның мақсаты қандай, мағынасы қандай?» деп сұраймыз ғой. Сонда анам «маған да кезінде анам үйреткен. Шай жұғымды болсын десең, үш рет қайыр. Бірінші қайырғанда лай болады, екінші қайырғанда май болады, ал үшінші рет қайырғанда шай болады дейтін еді. Мен содан бері әдетіме айналдырғанмын. Шай құюда қайырып құюға ерінбеңдер» деп айтып отырушы еді.

фото: weproject.media

Атам қазақ айтады: «Әйелдің алақанында береке бар. Оның ұстаған затында әйел қолының табы қалады. Ырыс-несібенің барлығы әйел адамның алақанында тұрады, ұстаған затында тұрады. Сондықтан, әйелдің күнделікті ұстайтын заты ол - шәйнек. Шәйнектің шүмегінен ырыс-несібе құйылады» дейді.

Сол құйылған ырыс-несібе өзімде қалсын деген ырыммен шайды қайырып құяды. Сонымен қатар, келген қонаққа осы шай жұғымды болсын деген ниет те бар.


Шәйнектен құйылған алғашқы кеседегі шайды төрде отырған сыйлы қонаққа ұсынбайды, алдымен осы үйдің отағасына, отағасы жоқ болса, осы шаңырақтың иесіне ұсынады. Одан кейінгі кезекте сыйлы қонақ. Жөн білетін сыйлы қонақ та бұған ренжімеуі тиіс, керісінше қуанады. Сол кезде ырыс-несібе қонақпен бірге кетпейді, сол шаңырақта қалады деп сенген.

Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


Құдалардың алдынан АРҚАН ТОСУ қайдан шыққан?


ЖАҢА ҮЙге кіргенде «БОСАҒА МАЙЛАУДЫ» ұмытқан жоқсыз ба?