ЖАҢА ҮЙге кіргенде ​«БОСАҒА МАЙЛАУДЫ» ұмытқан жоқсыз ба?

0
6 899

Бұл салт-дәстүрдің ұқтыратын мәні бар екен.


ЖАҢА ҮЙге кіргенде ​«БОСАҒА МАЙЛАУДЫ» ұмытқан жоқсыз ба?

Қазір мұндай салттың жасалынуы жиі орын алмайтыны рас. Өйткені, «босаға майлау» деген салттың өзін түсініп алу керек. Әрине, босаға сөзі түсінікті, бірақ, оны қалай майлауға болады? Кәдімгідей майды босағаға жаға ма? Осындай сұрақтар жастар жағына кішкене түсінбестік тудыруы мүмкін.


Жақында қазақтың ұмытылып бара жатқан керемет салт-дәстүрінің куәсі болдым. Бұл салт-дәстүрдің ұқтыратын мәні бар екен.


Қара шаңырақта тұратын інім ата-бабаларымыздан бері жалғасып келе жатқан ескі үйді бұзып, орнына үлкен, зәулім үй салды. Сол үйдің құрылысы біткенше барлығымыз тілеулес болып, жаңа баспанада жаңа өмірді бастайды ғой деп қуандық. Ата-анамыз да жағдайы жасалған, кең әрі жарық, жылы баспанада отырады ғой деген тілегіміз болды.

Сол көптен күткен той да келіп жетті. Біздің балалық шағымыз өткен, тозығы жетсе де өзімізге ыстық ұямыздың орнына салынған үйді көруге асық болдық.

Інім қоныс тойын дүркіретіп жасады. Әрине, қара шаңырақта отырған соң, үйдің иесі інім ғой, бірақ ата-анамыздың құда-жекжаттары, ағайын-туыс, дос-жарандарының барлығын шақырып, сол үлкен кісілердің ақ батасын алғанды жөн санады. Өмірден өткен ата-бабалардың әруағына Құран бағыштап, Алладан тірілерге амандық-саулық сұрап солай жолын жасады.

Негізі «жаңа қоныс құтты болсын, іші жанға, сырты малға толы болсын» деп ақ тілегі ақтарып келетіндер қазақтың осындай да салты бар екенін ескере жүрсе деймін. Анамның кезінде бірге қызмет істеп, зейнетке шықса да, әлі күнге дейін сыйластықтары ажырамаған құрбылары да жаңа қонысқа шашуларын шашып, қуанышқа ортақтасып келіпті. Солардың бірі «бұл қазақтың ежелден келе жатқан салты. Бұл салтты кейінгілер біле жүрсін, өзінен кейінгілерге аманттай жүрсін деп мен бүгін босағаны майлау дәстүрін орындағым келіп тұр. бастап берейін, құрбыларым қоштасын!» деп қолындағы ыдыстан саусағымен майды іліп алды да сыртқы, кіреберіс есіктің босағасына жаға бастады.


Жастар жағы бетін тыржитып, кері айналған сыңайда болып еді, оны байқап қалған апайымыз: «Бұл жәй ғана май, оны жусаң кетеді. Тек қазақтың керемет наным-сенімге бай дәстүріне селкеу түсіріп, қазақылығымыздан айнығым келмегендіктен, дәстүрімізді дәріптегіміз келгендіктен осылай етіп отырмын. Мұның мәнін білсеңдер, бұл жақсылықтың бастауы екенін ұғар едіңдер. Қазақта «шаңырағың жайлы, босағаң майлы болсын» деп қуанышқа ортақтаса келгендер «той малы» деп аталатын жолды дәстүрді де орындайды.

Қазақ қуанышты бөліссең көбейеді деп екі жақ та кәдесін жасаған.

Жас жұбайлар отау құрғанда немесе біреу жаңа үйге көшіп келіп жатқан болса, туыстары босаға мен табалдырыққа май жағады. Бұл үйдің майдай жайлы болып, үйге қонақтың көп келуі үшін жасалатын ырым. Бұл рәсімді өткізген адамға үй иелері атынан сыйлық беріледі. Босаға майлау - жастар жеке отбасы құрғанда немесе жаңа үйге кіргенде жақын - жуықтары келіп, үйдің босағасына май жағады. Бұл осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ұғымнан сенімнен туындаған. Босаға майлаған адамға кәде беріледі.

Жаңа ғана өздерің көрдіңдер ғой, босағаны майлап, жақсы тілектерді, жылы лебіздерді білдіріп жатқан құрбылары үшін арнайы сый да дайындап қойған екен аналарың. Бұл қазақтың сыйластықты арттыратын, бір-біріне жақындата түсетін керемет жоралғы.

«Осындай үй бәрімізге де жұғысты болсын, жақсылықтан үміттіміз ғой» деп анамның құрбысы ата-баба дәстүрінен біраз сыр шертіп, көзімізді ашып, мәліметтерге қанықтырды. Барлық нәрсе сенімде ғой, босағаң майлы болсын деп босағаны майлайтын салтқа менің де көзқарасым түбегейлі өзгерді. Яғни, оң көзқарас қалыптасты. Мен де ойлайтынмын, қазақтың кейбір дәстүрлері бүгінгі заманнның қолданысына келмейді. Өйткені, киіз үйде, көшпелі жағдайда өмір сүрген біздің ата-бабаларымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне орай қалыптастан салт-дәстүрлердің ішінде біздің заманымызға келмейтіні де көп деп ойлаушы едім.

Сөйтсем, ата-баба дәстүрін жаңғыртамыз, дәріптейміз, аманат етеміз деген жанға мүмкіндік те мол екен. Оның бір көрінісіне өзім осылайша куә болғандықтан айтып отырмын.

Шынында да ата-анамның қара шаңырағына шын ниетпен келген қонақтардың әрқайсысының батасы қабыл болып, бүгінде өсіп-өнген әулетке айналып отырған шаңырақтардың бірі.

Үлкендердің әрбір сөзінің құны бар, дәстүрдің дәріптейтін тұсы бар. Тек қана сол дәстүрімізді жалғастырып, кейінгі буынға жеткізе білсек, қазақ халқы ретінде, ұлт ретінде ешқашан жойылмаймыз. Өйткені, әр ұл өзінің ұстанымдарымен, салт-дәстүрлерімен жеке дара ұлт болып қалыптасқан.


Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


Бала дүниеге келгенде НАҒАШЫ ЖҰРТЫ не істеу керек?


«ЖИЕН» сөзінен жиренбеңіз! НЕМЕРЕ мен ЖИЕНнің ара жігін ажырата білгеніңіз жөн