​Сіз «КӨРІСУ» мерекесін ҚАЛАЙ тойлайсыз?

0
5 199

14-наурыз - "Көрісу" күні. Дәстүрлі мерекеде ата-анаңызды, бауырларыңызды, ағайын-туысты құшақтап, бауырыңызға қысып, құттықтап қоюды ұмытпаңыз.


​Сіз «КӨРІСУ» мерекесін ҚАЛАЙ тойлайсыз?

фото: fc-akzhayik.kz

Наурыз – мерекеге толы ай. Наурыздың алғашқы күні дүйім жұрт бір-біріне алғыс жаудырып, ризашылықтарын білдіріп бастаса, 8 наурызда әлемнің әдемілерін, нәзікжандыларды төл мерекелерімен құттықтап, нәзік жүректерге қуаныш сыйлайды. Апта өтпей қазақтың ұрпағы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, «Көрісу» дәстүрін жаңғыртады.


фото: atyrau.gov.kz


Қазақ халқында «Көрісу» дәстүрі екі мағынада жүргізіледі.


Біріншісі, өмірден өткен марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, әруағына Құран бағыштайды. Жиында қайтыс болған кісінің жасаған жақсылықтары, еткен еңбектері, айтқан сөздері мен өнеге болар істері сөз болып, қолы жетпей қалған асыл мұраты мен арман-мақсатын да тізіп шығады. Соңынан қалған (марқұмның жасына қарай) ұрпақтарына, ата-анасына, бауырларына, туыс-туғанға, ағайынға сабырлылық тілеп, қайғысына ортақтасады.

Көрісуге келген кісілер сырттан дауыс шығарып, марқұмның атын атап жоқтау айтып кіреді, сөйтіп үй ішіндегілермен құшақтасып көріседі.


Ал екінші мағынада, «Көрісу» дәстүрлі мереке ретінде тойланады. Наурыз айының 14 жұлдызында қазақтың әрбірінің шаңырағында ақ дастарқан жайылып, дәмді ас пен тәттілерге толады. Елдің кішілері үлкендерге арнайы барып сәлем беріп, құшақтасып көрісіп, мерекемен құттықтайды. Ал үлкендер жағы да мерекемен құттықтап, бата-тілектерін білдіреді. «Жаңа жасың құтты болсын!», «Жыл басы – Наурыз мерекесі құт-береке әкелсін!», «Алла елімізді тыныш, ұрпақтарымызды аман етсін!», «Ғұмырлы болайық!» деген сынды ақжарма тілектерін жаудырады. Көрші-қолаң, ағайын-туыс, алыс-жақындағы бауырлар мен туысқандар бұл мерекеде бір-біріне хабарласып, сыйлықтарын да үлестіріп мәре-сәре болып жатады.


«Көрісу» - бір-біріміздің саулығымызды біліп, амандасумен шектелмейді. Ауыл, ел болып болашақта атқарылатын істерге жоспар жасалынып, ақылдасатын салмақты жиын болады. Үлкендердің ұйытқы болуымен Наурыз мерекесін тойлаудың қамына кіріседі. Сонымен қатар, ағаш отырғызу, арық тазалау, жолдарды жөндеу, көмекшісі жоқ қарт кісілердің үй-ішін, қора-қопсысын тазалап, кір-қоңын жуу, мектеп, мешіт сынды ортақ мекемелерді қоқыстардан тазартып, ақтап-сырлау істерін ұйымдастыруға себеп болады.


Сонымен қатар мұз болып қатқан жүректің жібитін, реніштің тарқайтын, араздыққа нүкте қойылатын кез де осы күні жүзеге асырылады.

Адамдардың бір-біріне деген ізеттілігін, құрметін, сүйіспеншілігін, ынтымағын арттыратын «Көрісу» мерекесі баршамызға құтты болсын! Елдің бірлігі, отбасының ынтымағы, ағайынның татулығы, бауырлардың мейірімділігі, дастарханның берекесі, үлкендердің ізеті мен кішілердің құрметі арта берсін, ағайын!


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.


Оқи отырыңыз:


ҚЫЗ туған келіншекке екі ҚОЙ сою керектігін білесіз бе?


Қазақтың КЕЛІНІ екі жағдайда СӘЛЕМ салмайды


Құдалықта НЕГЕ әйелдердің арқасынан АҚ МАТА айналдырады?