СЫПЫРАсы жоқ үйде ЫРЫС та болмайды

0
13 558

Әрбір үйде ​СЫПЫРА болуы керек...


СЫПЫРАсы жоқ үйде ЫРЫС та болмайды

Біздің бала күнімізде әр үйде бір сыпыра болатын. Ол кезде «ауыл», «қала» деп бөлінетін-бөлінбейтінін білмейді екем, тек қана аналарымыздың ас үй жабдығы ретінде қолданатын нан жауып, бауырсақ пісіргенде қамыр жаю үшін қолданылатын құралы ретінде білетінмін.



Дереккөз: Pinterest


Ал қазіргі кезде менің көріп жүргенім, көп жағдайларда байқап жүргенім ханымдар ас үйінде сыпыра ұстамайды. Нан жаю қажет болса ас үйдегі кез-келген үстелдің үстіне немесе тақтайға жая салуды жөн көреді. Қамырды бірнеше бөліктерге бөліп, зуала жасап алғаннан кейін осы сыпыраның үстіне орналастырып, шетінен алып оқтаумен жайып шығуға ыңғайлы.


Бала күнімізде сыпырасыз күн жоқ-тұғын. Өйткені ауылдың тіршілігі белгілі, күн ара тандырға нан жауып, он шақты нанды екі күнге жеткізбей тауысып қоятынбыз. Анамызға болысып, біріміз тандырға от жағып, біріміз нанды жайып көмек беретінбіз. Анам тандырға нанды «жапсырып», піскен соң, буын бұрқыратып алдымызға қойғанда тәтті иістен тәбетімізді «тыю» мүмкін болмай қалатын. Ыстық, жаңа піскен тандыр нанды шұңғылдау ыдысқа турап, үстінен сары майды салып жіберіп, қолымызбен мыжып, керемет тәбетті тартатын нанды таласып-тармасып жейтінбіз.


Халық арасында да сүйсінген затына «нанға жаққан майдай» деген сөздермен теңеу айтып жатады ғой...


...Сол береке мен ырыс, молшылық қарап отырсам сыпыраның нығметі шығар деп ойлаймын. Өйткені сыпыра халық түсінігінде дастарқан тәрізді береке, молшылық әкелетін, отба­сының ынтымағын жарастыратын қасиетті бұйым саналған. Сондықтан сыпыраны жоғарыға қойып, нан секілді құрметтеген, дастарқан секілді аяқпен басып кетпеуге тырысқан. Сыпыраны теріс бүктеме деген ырым сөз де сақталған. Нан жайылып болған соң, сыпыраның ішіне аздап ұн мен ашытқы қалдырып, алдымен ішкі жағын беттестіре екі бүктеп, кейін екі жақ шетін теңестіре қайырып, ортасына қарай теңдей бүктеп, жоғарыға қойған.


Сыпыра байлық пен молшылықтың нышаны саналғандықтан, мол дәулетке ие болып отыр деген мағынада «сыпыраның ішінде отыр», «қойдың сыпырасы екен» деген мағынада бағалау мәніндегі сөздер де халық арасында қалыптасқан. Қазіргі кезде көп айтылмайтын шығар, бірақ көненің көзін көрген, салт-дәстүрімізді құрмет тұтатын кез-келген жан мұны түсінеді деп ойлаймын.


Бала күніміздегі естеліктер немесе ауылдың тұрмыс-тіршілігі деп елестетіп қана қоймай, сыпыраның әр үйдің қастерлісі саналуына жағдай жасауымыз керек секілді. Әр үйдің отанасы осыған мән берсе, отбасының ырысы мен несібесі артып, берекелі жанұяға айналары сөзсіз.

Мен өз басымнан өткен бір мысалды айта кетсем сөзім нанымды болар.



...Шаңырақ көтерген алғашқы бір жыл ата-енемізбен бірге, қара шаңырақта тұрдық. Ол жақта ас үйге қажетті бұйымдардың барлығы табатынбыз. Яғни, мен еншімізді алып, бөлек шыққаннан кейін ғана үй болудың шынында да оңай еместігін ұқтым. Ұсақ-түйек заттар секілді көрінгенімен, үйге барлығы да қажет екенін түсіндім.

Алайда мен осы сыпыра дегенді аса қажет дүние деп есептей қоймадым. Мен секілді ойлайтын қаншама келіншек бар екендігіне де шүбә келтірмеймін. Өйткені менің айналамдағы келіншектердің көпшілігінде сыпыра жоқ. Барлығымыз да жұмысбастымыз. Күнделікті нанымызды да дүкеннен сатып аламыз. Кейде ғана демалыс күндері қолдан жабылған нанды сағынып, кейде бауырсақ пісіріп жатамыз. Оның өзінде «сыпыра қажет еді» демей, ас үйдегі үстелдің үстіне жая салғанды жөн көретінмін.

Мүмкін ауылдағы тіршілік басқаша шығар, қалада, тар ас үйде «артық» заттарды жинап, орынды одан сайын тарылта бермейін деп ойлағанмын. Сөйтсем менің ойым мүлдем қате екен. Оны маған түсіну үшін көзімді жеткізу керек болды.

Бірде үйімізге алыс ауылдан ат терлетіп үлкен апа қонаққа келетін болды. Күйеуімнің бірнеше жылдан бері көрмеген әпкесі. Яғни, қайынатамның әпкесі. Жасы жетпіске келіп қалған еді сол кезде.

Ақ жаулықты ананы, өте сыйлы кісіні құрметпен күтіп алып, сыйлап шығарып салу үшін қазақтың қадірлі қонақ келгенде қазанға ет салып, дәстүрлі тағамымызды ұсынып, батасын алуға тырыстық.

Ет те пісті былбырап. Мен қамыр жаюға кірістім. Сонда жаныма келіп жайғасқан апамыз менің сыпырасыз қамыр жайып жатқанымды көріп таңданды.

«Неге үстелге жайып жатырсың? Астына сыпыра жайып, арнайы нан жаятын тақтайға жаймайсың ба?» деді.

Мен де «Ой, апа! Оның барлығы да мына кішкентай ғана ас үйімізге сыймайды ғой. Сондықтан сатып алмадым. Одан да үстелге жайып, кейін тазалап сүртіп ала салған оңай ғой. Ауылдағыдай жеріміз кең болса сатып алар едім. Сатып алудан қашпаймын ғой, бірақ қолданбайтын затты бір бұрышта тоздырғанша осылай ыңғайлы» дедім.

Сол кезде үндемеген апамыз ас желініп, бата қайырып болған соң күйеуіме қарап: «Ертең-ақ базарға барып сыпыра сатып әкел! Шешең де білмей ме соны, енші бөліп бергенде енші алған ұл мен келінге міндетті түрде сыпыра тігіп беру керек немесе қолынан келмесе сатып алсын. Бірақ бір үйде міндетті түрде бір сыпыра, нан жаятын оқтау-тақтайы болуы тиіс. Ол береке мен молшылықтың, тоқшылықтың белгісі саналады. Сондықтан оны пайдаланбаймын деп емес, жиі қолдануға тырысу керек. Сонда үйіңе бақ-береке орнайды, ырысың артады. Бала-шағаңның несібесі де молаяды. Қазақтың наным-сенімі де тектен тек шыққан жоқ, нәтижесі болған соң, артында тағылымы мол болған соң күнделікті өмірінде қолданған», - деп күйеуімді базарға жұмсап жіберді.


Шынында да апамыз айтқандай, ас үйде тұрған затты мен де жиі қолдануға тырыстым. Ең жақсысы, үстелді шашып, ұн жағып, оны сүртіп, тазалап жүрмейсің. Сыпыра бар жерде шынында да береке бар екен. «Жұмысбастымын, нан пісіруге уақытым жоқ» деген жай ғана сылтау секілді. Бір немесе екі нан пісіру үшін түнде нан ашытып, таңертең бір сағат ерте тұрып пешке жауып аламын. Оның еш қиындығы жоқ. Есесіне дүкеннен нан сатып алмайсың, үнемді, берекелі болады өзің пісірген нан.


Сондықтан сіздерге де кеңес беремін. Үйіңізде сыпыра жоқ болса, қазір-ақ барып, біреуін сатып алыңыз.


Өйткені СЫПЫРА бар үйде ЫРЫС бар.


НҰР Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ҚАНДАЙ ҚОНАҚТЫ ерекше сыйлап, құрметпен ШЫҒАРЫП САЛУ керек


«ДӘМЕТУ» ырым ба, салт па?