​ТАБАҚ ТАРТУДЫ білген ӨЗ СЫЙЫН да біледі

0
8 501

Табақ тартуды ежелгі дәстүрді бұзбай орындап жүрсіз бе?


​ТАБАҚ ТАРТУДЫ білген ӨЗ СЫЙЫН да біледі

Қазақтың сыйлы қонаққа, әр адамның өз орнына сай табақ тартудың өзіндік үлгісі бар. Алайда ру, жер жағдайларына байланысты бір өлшемге салуға болмайды.

Сондықтан, әр жердің ерекшеліктеріне байланысты бүгінде табақ тартудың елуге тарта түрі бар деген мәліметтерге қарамастан, барлық жерде орындалуға тиіс, орындалып та жүрген табақ тартудың бірнеше түріне тоқталып, түсініктемесін айтпақпыз.

БАС ТАБАҚ

Бас табақ әдетте құда-құдағи, малға бата жасаған ақсақалдар мен сыйлы қонақтарға тартылады.

Бас табаққа ұсақ мал болса бас, жамбас, екі белдеме, бір омыртқа, ортан жілік пен екі тал сүбе қабырға салынады.

Ал ірі қара сойылса, бас пен жамбас, жылқы сойылған болса қазы-қарта, жал-жая салынады.


фото: ok.ru

СЫЙ ТАБАҚ
Кейде орта табақ деп те аталады. Жамбас, асықты жілік, кәрі жілік, екі белдеме, екі тал қабырға салынады. Сый табақ әйелдерге, құдағи-құдашаларға тартылады.

КҮЙЕУ ТАБАҚ

Төс салынып, күйеу жігіттерге арналған табақты «күйеу табақ» деп атайды. Бұл ең жоғары сый табақ болып есептеледі.
Оған төс, асықты жілік, белдеме, омыртқа салынады. Асықты жілік салу себебі "асық ойнар ұлың болсын" деген тілек.

КЕЛІН ТАБАҚ

Бұл да сый табақ. Оған төс, жүрек, ұлтабар (ұл тапсын деген ниетпен), сирақ, әр түрлі ет салады.


ҚЫЗ ТАБАҚ

Жақ сүйек пен тіл, жүрек, бүйрек, қабырға салынады.


фото: 365info.kz

ҚОС ТАБАҚ

Сыйлы әрі жолы мен жасы үлкендер жағына, құда-жекжатқа бас табаққа қосымша тартылатын табақ «қос табақ» деп аталады. Оған әдетте мүшелі сүйек салмайды, тек еттің жылы жұмсағы мен қазы, қарта, жал-жая салынады.

ОШАҚ ТАБАҚ

Бұл табақ той әзірлігі үшін от жағып, мал сойып, үй тіккендерге арналған күтім
табағы. Оған малға бата жасағандарға бас, жамбас т.б сүйектер салынады.

ЕРУЛІК ТАБАҚ

Жаңа көшіп келгендердің көрші қонған адамдардың құрметіне мал сойып тартылатын күтім табағы. Бас, жамбас т.б сойылған малдың жылы жұмсағы салынады.

СЫБАҒА ТАБАҚ

«Еске алған ескі астан сақтайды» дейтін халық даналығын жалғастырған қазақ қысқы соғым кезінде үйлеріне келіп дәм татпаған ақсақалдар мен денсаулығы нашар қарияларға, құда-жекжатына сақталатын арнаулы асты «сыбаға табақ» дейді. Келсе асып береді. Кейде келе алмайтындай болып жатса, апарып береді. Сыбаға табаққа белдеме, жал-жая, қазы-қарта салынады.

Сіз қандай «табақ тарту» түрін білесіз, ой бөлісіңіз, біле жүргеннің артығы жоқ.

Жинақтаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


БҰЛАРДЫ тебуге БОЛМАЙДЫ

«АЛҚЫЗЫЛ ТОЙыңызды» атап өттіңіз бе?