Жыл сайын неке тойын тойламасаңыз да, отбасыңызбен атап өткеніңіз дұрыс, өйткені...
Өйткені, үйлену тойы әрбір адамның өміріндегі ең маңызды сәт. Оны ерекше көңіл-күймен еске алып отыратынымыз да жасырын емес.
Қазақтың ғана емес, бүкіл халықтың дәстүріне сай, үйлену, отау құру ғұрпы міндетті түрде тойға ұласып, ел-жұртқа жария етіледі. Отау құру жылдарға ұласып, ерлі-зайыпты ұрпақ өрбітіп, алып бәйтеректей тамырын тереңге жайғанда той тойлау әбестік емес.
Неке-қасиетті ұғым, беріктік шарты. Қазақ халқы мұны «ақ неке» деп ардақтайды. «Ақ некелі жарым» деп мақтанады. Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде некесі қиылады. Ол көпшілік алдында жасалады. Рәсім барысында өлеңше ұйқасқан сөздер айтылып, содан соң, неке суы ішіледі. Бұдан кейін олардың некесі қиылып, ерлі зайыпты адамдар болып саналады. Үлкендер жақсы тілек тілеп, қол жайып бата береді.
Қосылған, бірақ неке қиылмаған адамдарды халық «некесіз» деп сөккен және оларға салқын қараған. Сондықтан, ақ некенің маңызы орасан зор. Ал неке қиылғаннан бері қол ұстасып, бірнеше жылды ерлі-зайыпты болып бірге өткізген жандардың неке тойын тойлауы да ел ішінде әдетке айналып келеді.
Неке қиылған алғашқы жылдарда неке тойын тойлау көп жағдайда үрдіске енбесе де, ел арасында күміс тойы, алтын тойды атап өту кездесіп тұрады. Балалары есейіп, бір-бір қызметтің құлағынан ұстап, ата-аналарын қуанышқа бөлеуге, олардың батасын алып, разылығына бөленуге тырысатын, ата-анасына алғыс ретінде той жасап беруді әрбір адам өзінің міндеті санауы тиіс.
Сол «Алтын тойға» жету үшін қаншама жылдарды артқа тастап, ұрпағына жақсы тәрбие беріп, ыстық пен суықты қатар көретін ата-аналарымызға бір той жасап беру, алғыс білдіру әрбір перзенттің борышы.
Аты айтып тұрғандай, алтын секілді бағалы, қымбат тойға жету үшін некенің беріктігі маңызды әрине. Ал оған дейінгі неке тойларын кішігірім етіп, өз отбасы ішінде, некенің беріктігін арттыру үшін дәстүрге айналдырып, атап өткенге не жетсін?!
Бұл үрдісті көзімен көріп өскен балалар да ата-анасына деген құрметін арттырып, өздерінің санасына сіңіріп өседі.
Шынымды айтсам, мен мұндай көріністі бұрын-соңды көрмеген болатынмын. Бірақ жақында жолдастарымыздың отау құрғандарына он жыл толуына орай «алқызыл тойына» шақырту алдық. Кей жерде «Раушан той» деп те атайды екен.
(Суреттер ашық дереккөзден алынды)Қызық болды. Алғашында «еріккен адам не болса да тойлай береді екен-ау» деген ойым болған. Сол ойымнан өзім қатты ұялдым кейін.
Мұның да тәрбие көзі екендігіне, ұлттық дәстүрімізді ұмытпауымызға мұрындық бола алатындығына көзім жетті.
Олардың (той иелерінің) айтып отырған әңгімелеріне қарап, салт-дәстүрді ұстанатын, қай жерде қайсысын қолдануға болатыны жайында жетік меңгергенін көріп тамсандым. Балаларын да солай, қазақы тәрбиемен сусындатып отырса да, заман көшінен кейін қалмаған керемет бір отбасыны көрдім. Тек қана некелеріне он жыл толған ерлі-зайыптылар ғана емес, келген қонақтар да алқызыл раушан гүлдерімен билеп, алқызыл түсті орамал немесе сол секілді басқа да бұйымдар сыйлайды екен.
Көрдім де қызықтым. Өзіме де ой түйдім. Мен де өз отбасымда жыл сайын неке тойын тойлауды дәстүрге айналдыратын боламын деп шешім қабылдадым. Сіз де неке тойын атап өтіңіз, балаларыңыз үшін ұлағат, өмір жолдарыңыздың көрінісі ретінде әр жылдардан естеліктер айтып отырсаңыздар керемет емес пе?
Сондықтан отасқандарыңызға қанша жыл толғанына орай, қалай аталатынын біле жүргеніңіз артық болмас. Әрқайсысыңызға керек мағлұмат деп ойлаймын.
Шыт той - отбасы құрғаннан кейінгі бір жыл өткен соң аталынады. Бұл күні ерлі-зайыптылар бір-біріне шыт орамал сыйлайды. Некелескеннен кейін арада екі жыл өтсе «қағаз той», 3 жыл-«былғары той», 4 жылда-«зығыр тойды» тойлаңыздар!
«Ағаш той» – отбасылық өмірдің бесжылдығына орай аталып өтіледі. Бұл күні ерлі-зайыптылар бір-біріне ағаштан жасалған бұйымдар сыйлайды. Алты жыл өтсе-«шойын той», 7 жылда-«жезді той», сегізінші жылы-«қаңылтыр той», неке қиғандарыңызға тоғыз жыл толса-«жанан тойды» атап өтіңіз!
«Раушан той» немесе «алқызыл той» - онжылдық бас қосу мерекесі. Бұл күні қонаққа достары шақырылады, барлығы қолдарына раушан гүлін ұстап билейді.
Жұбыңызбен жылда осындай айтулы күнді бірге тойлауды жазсын! Балаларыңыз бен жақындарыңызға отбасылық одақтың беріктігін үлгі ете біліңіздер!
НҰР ӘЛЕМ
Тағы да оқыңыз: