​ТОҚЫМҚАҒАР дәстүрін қай кезде орындайды?

0
10 494

Үйден кеткелі жатқан адамның аман-есен отбасына оралып, бір-бірімен сағынысып қауышуын ырымдап, ағайын-туыс, жақын-жуыққа берілетін ас түрі.


​ТОҚЫМҚАҒАР дәстүрін қай кезде орындайды?

Бұл дәстүрдің мәні, басқосудың негізгі мақсаты бар. Ол үйден біраз уақытқа жолаушылап кеткен немесе әскерге, ұзақ уақыт басқа жаққа оқуға, жұмысқа тағы сол секілді түрлі себептермен үйінен жырақтаған адам үйінен аттанарда жасалынатын салт.

Үйден кеткелі жатқан адамның аман-есен отбасына оралып, бір-бірімен сағынысып қауышуын ырымдап, ағайын-туыс, жақын-жуыққа берілетін ас түрі.

Сонымен қатар «тоқымқағар» ол алыстағы жақынын күткен кезде де беріледі. Мысалы әскердегі баласының келер күні жақындағанда көршілері немесе құрбылары «балаңның тоқымын қақ, ат-көлігі аман келсін!» деп тілеулестігін білдіріп жататын. Осындай ыстық ықылас пен ниеттестігіне қуанған адам міндетті түрде тоқымқағар жасайды.

Қазір әркім әрқалай, өзінің ыңғайына келетін етіп, өздігінен бұрып ала беретін болды ғой.

Жақында көп адам мән беріп, «той» ретінде қабылдамайтын осы тоқымқағар басқосуына бардым. Шынымды айтсам, қазақтың салт-дәстүрінің әлі де жойылмағанына, әспеттеп, құрметтей алатын адамдардың бар екенін көріп қуанған едім.

«Тоқымқағарға келіңіздер, тұңғышымыз, ұлымыз тоғыз ай бойы елден жырақта болды, енді елімізге келіп, арқа-жарқа болып қуанып жатырмыз. Ағайын-туысқа бір шай беріп жіберсек деген ниетте едік» деген соң, құр қол бармай, атағанымызды алып, жолдасым екеуміз барғанбыз.

Бір жағынан, «алыстан ат арытып алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт сәлем беруге барады» деген қазақтың аталы сөзінен де аттап кетпедік.

Қонақтар да көп шақырылған екен, арасында жүзтаныстары да, біз мүлдем танымайтын адамдар да бар. Мұндай ортада әдетте келген қонақтарды бір-бірімен таныстырып, емін-еркін қысылмай отыруына жағдай жасайтын да үй иесі.

фото: infourok.ru

Үй иесі сөз алып, отырғандардың әрқайсысына қысқаша мінездеме беріп, таныстырып кеткен соң, басқосуымыздың себебін де түсіндіріп өтті. Оның түсінігіндегі тоқымқағар дәстүрі дұрыс па, бұрыс па білмеймін, мүмкін жаңғырған, жаңарған дәстүр деп қабылдауға да болатын шығар. Ол бізге осы дәстүрді «жас бала алғаш жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу» деп түсіндірді.

Бірақ кейін өзім де бұл дәстүр туралы мәліметтерді іздей бастадым.

Тоқымқағар, халық рәсімі. Ауыл-үйдің қарттары жол жүрерде, сөйтіп жастар жағы бірыңғай болып ауылда қаларда немесе жас бала тұңғыш рет атқа мінерде «тоқымқағар» деп аталатын тамақ пісіріліп, дастарқан жайылады. Бір жағы жол жүрер үлкендердің жолының болуына тілектестік болса, екіншіден жас баланың азамат болғанына қуаныш білдіру белгісі болып табылады.

Бізді қонаққа шақырған танысымыздың да «жас адам жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу» деген сөзінің жаны бар екенін түсіндім.

Шыны керек көп адамдар бұл дәстүрді біле бермейді екен. Сондықтан, білгенімізбен бөлісіп, дәстүрімізге құрметпен қарап, оны өз өмірімізде көрсете алып жүрсек керемет емес пе?!

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Әкесі ТІРІ адам МАЛДАС құрып отырмайды


ЖҮКТІ ӘЙЕЛдің жолын кессе НЕ БОЛАДЫ?