Асықпай аяңдап келе жатқан аяғы ауыр келіншекті көріп қалды да, тұра қалды.
Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, қарияны сыйлап, қолтығынан демеп жіберу секілді кішіпейілділік, әдептілік жайлы кішкентайымыздан естіп,біліп өстік қой.
Ата-анамыз, мұғалімдеріміздің берген тәрбиесі алдымен үлкенді сыйлап, тәртіпті болудан басталады емес пе?! Ал өмірлік тәжірибені сан түрлі соқпақтармен жүре келе санасына тоқи береді екен.
Мен де өмір көрген, көкейіне түйгені мол, айтары бар, аңызға бергісіз ғибратты, өнегелі әңгімелерінен әсерленіп, керекті жерінде, өз мақсаттарым үшін пайдалануды жөн көремін.
Өзім әжемнің қызы болдым. Әжемнің тұнып тұрған шежіресін, тарихын, майын тамызып әңгімелеп беретін әсерлі әңгімесін таңнан таңға дейін жалықпай тыңдай беруге дайын едім, әжем шаршамаса.
Әжеммен бірге талай жерлерге де барғанмын.
Бертініректе қарттық жеңіп, өздігінен жүріп-тұруы қиындаған соң, үнемі мен жанында еріп жүретінмін. Сонда жаңылыспаған болсам, мен бесінші сыныпты аяқтаған жылы жаз мезгілі болатын. Әжем екеуміз тағы да бір жаққа бара жатқанбыз. Ауылдың сыйлы қариясы болса, күн сайын ауыл адамдарының өзі қол-аяғын жерге тигізбей қонаққа шақырып жатады.
Қонақтыққа апару үшін әжемді сүйемелдеп, жолдың арғы бетіне өтуім қажет болған еді. Сонда әжемнің мен үшін тағы да бір тың дәстүр-салттың сырын ашып бергеніне куә болдым.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Жасы сексенге келген қарт әжем анадай жерде аяңдап келе жатқан аяғы ауыр келіншекті көріп қалды да, тұра қалды. Әйелдің алдын кеспей күтіп тұрды. Мұндайды әжемнен алғаш рет көріп тұрған мен «Әже, мұныңыз қалай? Сіздің жасыңыз үлкен емес пе? Жас келіншектің жолын кеспей оны күтіп тұрғаныңыз қалай? Сіз бұрын жас келін үлкеннің алдын кесіп өтпейді деуші едіңіз ғой» дедім таңданысымды жасырып қала алмай.
Сонда әжем «дұрыс айтасың, балам. Жас адам үлкен кісінің жолын кеспейді, оған құрмет көрсетіп, жол береді. Ал жас келін үлкеннің алдын кеспек түгілі бетіне ажырайып, тік қарамаған. Қазіргілер ғой, бұрынғының салтына мән беруді қойды.
Ал менің оны күтіп, алдын кеспей тұрғанымды байқаған екенсің, оныңа да риза болып отырмын. Өйткені, көргеніңді көкейге түйіп, санаңа тоқып ал. Қазақ ешқашан дәстүрден аттамаған. Анау келе жатқан келіншектің аяғы ауыр екенін көріп тұрсың ғой. Сондықтан, мен оның жолын күтіп тұрмын. Өйткені мен білмеймін, оның құрсағында ұл бала жатқан шығар. Ал сексенге келген кемпір болсаң да, еркек кіндіктінің алдынан кесіп өтуге болмайды. Себебі ер адам түздің адамы. Ал түзде жүретін адамның жолын кесу, отбасыңның ырыздық-несібесін кесумен тең.
Осыны есіңде сақта, қызым!» деген насихатын да қосып қойды.
Одан бері бірнеше жыл өтті. Өмір зырғып өтіп жатыр. Әжем тоқсан үшке келіп қайтты. Айтпақшы, әжемнің тағы бір айтқаны бар еді, «адам өмірден өткенде, түйеден түскендей етіп «өлді» демейді, «қайтыс болды», «қайтты» деп айтыңдар. Өмірдің заңы солай, адам болып өмірге келеді, бала болып өседі. Жастық шақтың қызуын да артқа тастап, қарттыққа да қадам басады.
Келген адам қайтады. Сондықтан, қатқыл сөздің тігісін жатқызып, мейлінше қанжардай қадалатын сөздерді жұмсақ, ауыртпай жеткізуге тырысу керек» дейтін.
Әжемнің өз сөзімен келтіріп жатырмын.
Кейін тұрмысқа да шықтым, әжем айтқандай зырғып ағып жатқан өзенмен біз де ілесіп келеміз. Қазір Аллаға шүкір, төрт баланың анасымын. Қазақта баланың санын айтпайды деуші еді, ондайға да мін бермей қойдық. Тіпті, жас балаларымыздың суретін әлеуметтік желіге жүктеуден жарысып келеміз.
Айтпағым, мен өзім әжемнен көргенімді мейлінше ұстанып, жүкті әйелдің алдынан кесіп өтпеуге тырысамын. Алдымен оған жол беремін.
Ал өзіме келгенде, яғни аяғым ауыр кезде ешкім бұл салтты білмегендіктен шығар деп ойлаймын, алдымнан жүгіріп өте шығатындар да, қағып-соғып өтетіндерге де жолықтым. Түрлі адамдар бар ғой, оларға ренжігенім емес, бірақ мерзімі үлкейіп, жүріп-тұру қиындағанда тіпті қала ішінде қатынайтын қоғамдық көлікке де мінбейтін болдым. Өйткені мұндай көліктер ешқашан бос болмайды.
Сонда адамдарды да «бұрынғының адамы», «қазіргінің жастары» деп бөліп сөйлеу әдеті осындай айырмашылықтардан туындайтындығына көзім жетті.
Нұр Әлем,
Тағы да оқыңыз:
"КҮЙЕУДІҢ ҚАЛТАСЫН ҚАРАҒАН" дұрыс па?