​«Жол беру» дәстүрі жайлы не білеміз?

0
6 888

Нағашыларды оң қанатқа отырғызады.


​«Жол беру» дәстүрі жайлы не білеміз?

сурет: infourok.ru

Анамның «Ер кісінің алдын кесіп өтпе» деген ескертпесі өмір бойына азық маған. Ер адамнан бөлек, үлкен әже-апалардың да алдын кеспейтінді әдетке айналдырғам. Бірақ жақында қызық жағдай болды. Осы әдетімнен аспай жолда келе жатқан әжені күтіп тұрғанмын. Ол мені көрген бойда дереу тоқтай қалып, «өте бер қызым, ізеттілігіңе рахмет. Өсіп-өн» деп батасын берді. Сонда да жүріп кетуді жөн көрмедім. Мұны байқаған әжей: «Жүкті екенсің қарағым, құрсағыңдағы алтын асықтай ұл болар. Ел тізгінін ұстаған көшбасшы болар. Енді ғана дүниеге келетін болашақ ел азаматының алдынан мен кеспейін» деп маған жол берді.

Әже екеуміздің арамыздағы кішкене ғана сұхбат маған көп жайтты аңғартты. Демек, жол беру тек үлкендерге ғана тиесілі құрмет емес екен. Қазақ халқы «Жол беру» дәстүріне үлкен құрметпен қараған.

Мәселен, үйге қонақ шақырылғанда ауылдың ақсақалдары төрден орын алады. Ал егер көрші ауылдан жасы кіші қонақ келсе, өздері төменге ысырылып, қонаққа төрден орын береді. Сонымен қатар, бата-тілекті де айту алдымен қонаққа ұсынылады. Егер ол жасына қарай үлкен кісілерге бұрса, ел қариялары батасын береді.

Тойға келген қонақтарды дастарқанға шақыратын кезде асабаның сөзіне құлақ түрсеңіз, «нағашылар оң қанатқа, құдалар сол қанатқа жайғасыңыздар» дегенді естиміз. Бұл да жол беру дәстүріндегі қағидалар болса керек-ті.

Қызды да төрге отырғызу қазақ халқында қатаң сақталған дәстүр. Үйге келген қызды «төрге шық, босағамыздан байлық пен береке кетпесін» деп ырымдап жоғарыға отырғызады. Қыздағы құт пен берекені бағалауды пайғамбарлар да ұрпаққа аманат еткен.


Нұх пайғамбар дәуірінде де қыз балаға жасалатын құрмет пен жол беруге ерекше ден қойған.

Нұх пайғамбардың Хам, Сам, Жаппас деген үш ұлы және Уәсила деген қызы болыпты. Пайғамбар үнемі қызына құрмет көрсетіп, оған мүлде дауыс көтермейді екен. Қызы да әкенің қалауын қабағынан түсінетін сұңғыла болып өседі.

Нұх дастархан басында отырғанда үнемі қызын үш ұлынан жоғары, төрге отырғызады екен. Бұл үлкен ұлы Самның көңіліне күдік салыпты. «Уәсиланың жасы бізден кіші. Неге менен жоғары отыруы керек. Әкеміз бізді алалайды-ау» деп ойлайды. Бір күні дастарханда отырғанда:

– Әке, Уәсила кіші болса да, неге бізден жоғары отыруы керек? Ұлдың мәртебесі әрқашан биік емес пе? – дейді. Нұх:

– Біздің ырзық-несібеміздің көп болуы Уәсилаға байланысты. Құт қызды жағалап жүреді. Оны босағаға отырғызсаң, шамданады. Төрге шығарсаң, қуанады. Орны жайлы болса, дастарханнан ас-тағамды үзбейді. Тұрмысыңды түзейді, – депті.

Содан бастап Нұхтың үш ұлы қарындасын төрге шығарып, құрмет көрсететін болыпты. Үш ұлынан өрбіген ұрпақ бұл жоралғыны сақтап, берік ұстайды. Қазақ арасында «қызыңды төрге отырғыз», «қызды босағаға отырғызба» деген талап-ырымдар осыдан шыққан екен.

Амандасу салтына келгенде де кішілер үлкендерге алдымен сәлем беру керек. Кей кездерде жасы кіші болғанымен атасы не әкесі үлкеннің жолы үлкен болады. Жеңгенің жасы кіші болса да күйеуіне байланысты жолы үлкен болады.

Кейде жасы кіші болса да қызметі, білімі атақ-абыройы үлкендердің қатарына қосады.

Жол беру – кішірею емес, керісінше құрмет пен ізгіліктің белгісі. Жол беру – әдептілік пен көрегенділіктің нышаны. Бүгін осы ізеттіліктен аттамасаңыз, ертең сіздің алдыңыздан ешкім кеспейтін болады.


Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


Келін түскенде орындалатын дәстүрлерді білесіз бе?


«Құттық» отбасының шырқын бұзатын дәстүр ме?


Құлақтың шыңылдауы нендей құпияны айтады?