​«Құттық» отбасының шырқын бұзатын дәстүр ме?

0
5 043

Перзент үшін деп жиған-тергенің баланың бақытынан артық болса... Не деуге болады?!


​«Құттық» отбасының шырқын бұзатын дәстүр ме?

фото: news.kmvcity.ru

"Кенже ұлымның таңдағаны бір үйдің жалғызы болды. Ұлдан да, қыздан да жалғыз дегенде іштей секем алдым. Жалғыз перзентін ата-аналары еркелетіп, бетінен қақпай өсіреді емес пе? Мұндай қыздардың басқа отбасыға барып, сіңуі, тәртібіне көндігуі өте қиын. Балам «ойлан, асығыс шешім қабылдама, әлі жассың» деген ақылымды тыңдамады. Қайтсін, жақсы көріп қалған да. Бұл ойымды отағасы да құптай қоймады. Сонымен көңілім күпті болып, ұлымызды үйлендірдік. Ағайын-туғанды жинап, келін түсірдік."

фото: vplate.ru

Бұл Таразда тұратын апайымның айтқаны. Ұлының шаңырақ көтергенін сүйіншілеп, қуанышты жаңалығымен бөліскен апайымның қуанышы ұзаққа бармады. Жас отбасының шаңырағы шайқалды. Мыңжылдық құдалық бір жылға да жетпеді. Оған себеп жаңа құдалардың "жаңа" көзқарастары мен пайым-парасаты болды. Оқиғаның анық-қанығын Айжан апай айтып берді.

"...Жаңа құдаларымызбен алғашқы таныстығымыздың өзі бүтін бір өмірді шешіп тастады. Әлі де босағамыздан аттамаған қыздарына үй сыйлайтынын, олардың бөлек тұрғанын қалайтынын жеткізді. Не керек, танысу кешінде болашақ құдаларымыз сөйледі, біз тыңдадық. Келіскендей кейіп танытып, үш сағаттан соң тарқастық.

Той қамына кіріскеніммен көңілім еш жай таппады. Бақуатты отбасының қызын келін етіп жатқаныма қуана қоймадым. Біздің де жерге қарап отырған жайымыз жоқ. Барлық балаларымызды үйлендіріп, кемі 2-3 жыл қара шаңырақта ұстап, балалы болып, өз-өздерімен көбейген кезде еншілерін беріп шығарып салғанбыз. Ал кенжемізді қолымызда қалдырып, мына үйдің иесі боласың деп жастайынан құлағына құйғанымыз әдірем қалды. Сүйгеніне қосылып, бізден сытылып шығуға асықты. Балалардың бақыты үшін оған да көндік. Қартайып, қуаттан айырылған жоқпыз. Бастысы, балалар бақытты болсын деп шештік.

Содан құдалар қыздарын дәстүрге сай ұзатты, біздер келін түсіріп мәзбіз. Алдымен құдалық шақырдық. Келіннің жасаулары мен жиһаздарын сыйға тартқан үйлеріне апарды. Артынан тек киім-кешек, алтын бұйымдары мен косметикалық заттары келді. Ағайын-туыс жиналып, құдалықты атқарып алдық. Жаңа құдаларымыз да риза болып, жастарға бақыт пен махаббат тілеп елдеріне қайтты.

Құда-құдағиларды шығарып салған соң, абысындарым келіннің жасауын көргісі келді. Мұндай қызыққа ауылдағы бойжеткендер де жиналады. Келінім барлық бұйымдарын өзі таныстырып, бағаларына дейін айтып мақтанып алды. Үлкен абысыным жас келінге батасын беріп, құтты болсын айтты. Соңынан «жалғыз ғана қайынбикеңе атағаныңды бер, бұл көңілдің, сыйластықтың белгісі. Қазақ дәстүрінде «Құттық» деген бар. Ол келін болып түскен үйіңнің қыздарына беретін сыйың» деді. Мұны естіген келінім ешқандай қарсылықсыз үлкен қораптағы гауһар білезікті ұсынды. Ал қызым мұндай бағалы сыйлықтан бас тартып, басқа алтын жүзікті таңдады. Одан бөлек бойдақ қыздарға жұғысты болсын деген ырыммен мойынорамал, косметикалық заттар үлестірді. Сыйлыққа қарық болған қыздар мәре-сәре болып, дастарқанға жайғасты, дәмнен ауыз тиіп, ән айтып, би билеп, таңға таяу тарқасты.


Бұл тойдың соңы дауға, сыйдың соңы ұрысқа ұласатынын білгенде, жастардың басын қоспаста едік деген өкішін бүгінде өзегімді өртейді.


Апта өткен жоқ судай жаңа құдағиым телефон соғып тұр. Айтқан уәжі мынау болды.

Амандық-саулықтан соң бірден, қызын өз үйлеріне жіберуімді айтты. Сол сәтте аузыма сөз түссінші. Сасқанымнан әлі де қонақ келуде, жас келінді көріп, шайын ішуге келіп жатқандар бар. "Бөлектеуге асықпаңыз. Отбасыммен жақын таныссын, абысындарымен аралассын, ертеңгі үйі осы болған соң отбасына сіңсін", - дегенім сол еді, құдағиым кетті оталып. Мұны естіген отағасы да құдағидың сөзін құптап, келінімізге ұлымызды жетектетіп, шығарып салдық. Осымен тынышталамыз деген ойымыздың көп уақыт өтпей күл-талқаны шықты.

Бұл тынышымызды да құдағиымыз бұзды. Айтуына қарағанда дым көрмеген бейшара екенбіз, қызымның алтын жүзік таққысы келсе, өзім әперуім керек екен. Келінімізді тонап, дымсыз қалдырыппыз. Мұндай туыстың барынан-жоғы деп үйретіп отырған құдағидың қызынан, өз келінімнен не қайыр күтейін. Ағайынның ақылымен бастары көбеймей тұрғанда баламды арашалап алуды жөн көрдім. Әкесі де қарсылық танытпады. Содан «мұндай тілемші дәстүрлеріңе түкіргенім бар» деген құдағиымызбен араны ашық қылдық. Ортада ұлыма қиын болды. Жар құшқан құшағы бос қалды, төсек мұздап, көңіл суыды. Баламды да ақылсыз етіп тәрбиелемеппін. Туысқаннан дүниені жоғары қойған адаммен бір шаңырақ астында тұра алмайтынын айтып, ол да қолын сілтеді", - дейді ашынған ана.


Иә, "жастардың татулығын «бұзуға» себеп болған «Құттық» дәстүрін өшірмей, қайта жаңғырта береміз" деген апайыма жақсы күндерде жолығайық деймін.

Шын мәнінде «Құттық» емес «құлқын» шайқалтты шаңырақты. Сезімге сызат түсірді, жалындаған махаббатты сөндірді.

«Құттық» - «құтты болсын», «құт әкелсін» деген ізгі ойдан туған қазақи дәстүр. «Құттық» алғандар да құралақан келмейді. Олар да жас келінге жақсылықты ырымдап, сый-сияпат жасайды. Бағалы заттар, киім, алтын бұйымын жақынына қиып беру тек көргенді, тәрбиелі, текті ұрпақтың қолынан келеді екен.

Жан қалтаң бай болғанымен, жан-сарайың кедей болса, көзің тоқ болғанымен, көңілің аш болса қиын екен. Балам үшін деп жиған-тергенің балаңның бақытынан артық болса... Не деуге болады?!


Жазып алған - Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.