АҚШ пен ҚЫТАЙ арасындағы "қақтығыс" – Apple қиын жағдайда

0
2 347

Бүгін біз Сіздерге бәсекелестік өршіп бара жатқан технология әлеміндегі ең елеулі жаңалықтарды ұсынып отырмыз.


АҚШ пен ҚЫТАЙ арасындағы

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Huawei жаңа рекорд орнатты

Қытайлық Huawei компаниясы 150 күнде 100 миллион смартфон сатып, жаңа рекорд орнатты. Бұл ақпаратты Huawei мобильді бөлімшесінің президенті Хи Гэнг жариялаған. Мамандар "Аталған жетістікке АҚШ санкцияларының енуі септігін тигізді", - деп болжап отыр.

Айта кетейік, 100 миллион сатылым межесі 2016 жылы қазан, 2017 жылы қыркүйек және 2018 жылы шілде айында орындалған. Бұл көрсеткішке қарап, компанияның танымалдылығы жылдан-жылға артып келе жатыр деуге болады.

Қазіргі таңда Huawei компаниясының орташа есеппен әр секунд сайын 8, дәлірек айтсақ — 7,7 смартфоны сатылады екен. Сондай-ақ, өндірушілер биыл нарыққа 250 миллион смартфон шығарамыз деп жоспарлап отыр.


Apple АҚШ-ты Қытаймен сауда соғысынан бас тартуға шақырды

Apple компаниясы АҚШ үкіметіне Қытаймен сауда соғысын ұлғайтуға себеп болатын салықты алып тастау туралы ресми өтініш білдірді.

Себебі, Apple америкалық компания болғанмен, өз гаджеттерін Қытайда жасап шығарады және компания бұрын тек ұсақ тауарлар (кабельдер, қуаттау құрылғылары және басқа аксессуарлар) үшін ғана салық төлейтін. Ал енді, АҚШ президенті Трамп тауарлар тізімін кеңейтіп, олардың салығын арттырса, Apple смартфондар, сағаттар, ноутбуктер және т.б. барлық құрылғылары үшін салық төлеуге мәжбүр болады.

Салықтың салдары қандай?

Егер, техника өндіруші компаниялар осы салықты төлейтін болса, өнім бағасы бірден қымбаттайды. Apple-дан басқа Keurig Dr Pepper, Carrier, Dell, HP, Walmart, Fitbit компаниялары да осындай мәлімдеме жасап отыр, бірақ бұл Дональд Трамптың шешіміне әсер ете ме, белгісіз.


Aipower фитнес білезіктен қуат алатын сымсыз құлаққаптар шығарды

Спорттық білезіктен қуат алатын сымсыз құлаққаптар Wearbuds деп аталады. IPX6 стандарты бойынша су өткізбейтін бұл өнім Bluetooth-бен және әр құлаққабы 35 мАч аккумулятормен жабдықталған. Өндірушілердің айтуынша, құрылғының толық күші 5,5-6 сағат музыка тыңдауға жетеді екен.

Ал, трекердің өзі жүрек қағысын бақылайтын датчикпен және ескертулерді, Сіздің белсенділігіңіз туралы ақпараттарды көрсететін сенсорлы дисплеймен жабдықталған. Сондай-ақ, білезік те құлаққап сияқты су өткізбейді және толық қуатпен 7 күнге дейін жұмыс істей алады.


3 камералы Motorola One Action смартфонының жаңа ресми үлгісі жарияланды

Бұл жолы аталған құрылғы қара (denim Gray) түсті. Сондай-ақ, жаңа Motorola One Action Motorola One Vision сияқты созылыңқы дисплей, жаңа шыны корпус, үш негізгі камера, артқы жағындағы саусақ сканері және құлаққап жалғайтын бөліммен жабдықталған. Смартфон жақын арада Android One бағдарламасы аясында жарыққа шығады.

Айта кетейік, қазір Motorola компаниясы төрт камералы және экранында сканері бар One Pro үлгісін дайындап жатыр.


OPPO экранының астында камерасы бар смартфонымен таныстырды

Бұл шара Шанхайдағы Asian Mobile World Congress 2019 көрмесі аясында өткен. Бірақ, бұл тек смартфонның прототипі, ал нақты үлгісі жылдың соңында немесе келесі жылдың басында жарыққа шығады.

Суреттен байқағанымыздай, құрылғының алдыңғы камерасы экранның астында орналасқан. Ал, жаңа өнімнің басқа қандай ерекшеліктері бар екені әлі белгісіз.


Amazon компаниясы Kindle Oasis электронды кітабының үшінші буынын жариялады

Жаңа Kindle Oasis электронды кітабы 300ppi пиксель тығыздығы бар 7 дюймдік экранмен жабдықталған және дисплейдегі электрондық сия технологиясын жаңартқан. Құрылғы 25 түсті реттелетін жарықдиодты қолдайтындықтан тұтынушылар экранды өздеріне ыңғайлы реңктерге ауыстыра алады. Сондай-ақ, дисплей тәулік уақытына және температураға байланысты автоматты түрде өзгеріп отырады.


Сондай-ақ, Kindle Oasis-тың корпусынан су өтпейді, Wi-Fi желісіне қосылады, 4G SIM-картасы салынады және Kindle Format 8 (AZW3), Kindle (AZW), TXT, PDF және т. б. файл пішімдерін қолдайды.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


"Ақылды тоңазытқыштардың" қандай ерекше қасиеттері бар?

Үйдегі САЛҚЫНДАТҚЫШТЫ әлемнің кез келген нүктесінен БАСҚАРУҒА болады