Денсаулықты бақылайтын құрылғылардың ҚАНДАЙ ҚАУПІ БАР?

0
6 096

Шын мәнінде, кейбір гаджеттер мен қосымшалар жеке ақпараттарды әртүрлі ұйымдарға жеткізуі әбден мүмкін.


Денсаулықты бақылайтын құрылғылардың ҚАНДАЙ ҚАУПІ БАР?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазір гаджеттің түр-түрі бар. Соның ішінде адам денсаулығы жайлы ақпарат беріп отыратын «ақылды» сағат сынды құрылғыларға сұраныс мол. Дегенмен, кей сарапшылар бұл технологиялардың қауіпті екенін де айтып отыр. Ол қандай қауіп болуы мүмкін?


Қазіргі уақытта адам денсаулығынан хабар беретін құрылғылар әлемдік нарықтың басты тауарына айналған. Мысалы, қант диабетімен ауыратын адамдарға қандағы қантты бақылауға мүмкіндік беретін FreeStyle Libre деген гаджет бар. Ол сөзсіз пайдалы гаджет. Оны қолданған адам барлық нәтижелерді смартфондағы қосымша арқылы оңай көре алады. Сонымен қатар, жүректің соғысын, қан қысымын есептеп отыратын, дұрыс тамақтану мен жаттығуды ұйымдастыруға көмектесетін де технологиялар жеткілікті. Бірақ, бұл жерде бір мәселе болуы ықтимал. Ол – осы гаджеттер арқылы сіз жайлы жеке ақпараттарды басқа адамдар немесе компаниялардың алып отыруы. Ал, солай болған жағдайда сіз туралы мәліметтерді қандай мақсатта қолданатынын ешкім дөп басып айта алмайды.


Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын кейбір ұйымдар қызметкерлеріне Fitbit атты смарт-сағаттарды тарту етіп, олардың көмегімен жұмысшылардың жүрген жерін, белсенділік деңгейін, ұйқы сапасын бақылап отырған көрінеді. Бірақ, ол ақпараттарды неге пайдаланғанын ешкім білмеген. Қазір адамдар жайлы ақпарат алып отыратын мұндай құрылғылар көбейген сайын, оны қолданатын компаниялардың саны да артып келе жатыр екен.

Тағы бір ашық дереккөз беттерінде кейбір гаджеттер мен қосымша бағдарламалар адамдар жайлы жиналған ақпараттарды жарнама беруші компанияларға жіберетіні айтылып жатыр. Мысалы, «iPhone-ға арналған 20 фитнес және 13 денсаулық қосымшалары қосымшалармен ақпарат алмасып, оны жарнама берушілерге жібереді» деген деректер бар.


Сарапшылардың пікірінше, мұндай құрылғылар арқылы ақпарат жинау және денсаулықты бақылау жеке бас деректерінің құпиялылығына қатысты ережені бұзады. Ал, медицина мамандары «бұл әдіс арқылы денсаулық жайлы ақпарат жинақталмаса, цифрлық денсаулық сақтау саласында революция болуы мүмкін емес» - дейді. Яғни, қосымшалар қауіпті аурулардың белгілер туралы ескертіп, соған байланысты ем-дом, дәрі-дәрмектер тағайындалатын көрінеді.


Қысқасы, кез келген технологияның пайдасы да, зияны да бар болып отыр ғой.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


КИБЕРБУЛЛИНГ: Гаджетті тым көп қолдану суицидке соқтыруы мүмкін