Қазір интернет қудалаудың кесірінен жасөспірімдер өз-өзіне қол жұмсап жатыр.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Біз ақпараттық технологияның қарыштап дамып, қажетті гаджеттердің көптеп пайда болып жатқанына қуанамыз. Оның үстіне бүгінгі таңда интернетсіз жұмыс істеу мүмкін еместей көрінеді. Әрине, бұл қажеттіліктер адамзат игілігіне үздіксіз қызмет етіп тұрғаны жақсы. Дегенмен, көптеген адамдар осы интернет және әлеуметтік желілер арқылы жасалатын кибершабуылдың зардабын да көріп жатыр десек қателеспейміз. Әсіресе, жан-дүниесі депрессияға қарсы тұра алмайтын жастар ғаламтордағы бопсалау, қудалау, үркітіп-қорқыту сынды әрекеттердің кесірінен суицидке баруда. Сондықтан бұл бүгінгі қоғамның басты проблемасына айналып отыр. Сонда арам пиғылды адамдардың қастығынан қалай құтылып, кесел қалай күреспек керек?
Бұл бейжай қарайтын жағдай емес
Жер бетінде жыл сайын 800 мыңға жуық адам өзіне-өзі қол жұмсайтын болса, оның көпшілігі 10-24 жас аралығындағы жасөспірімдер екен. Ал, Қазақстанда өткен жылдары 3 мыңдай адам суицидке барса, оның мыңға жуығы жасөспірім болған. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитныйдың сөзіне сүйенсек, соңғы 15 жылда бұл кеселге қарсы жүргізілген күрестің нәтижесінде өз тамырына өзі балта шабатындардың саны 37 пайызға азайған. Бірақ, Қазақстан суицид бойынша 177 елдің ішінде алдыңғы ондыққа кіріп отыр. Бұл бейжай қарайтын жағдай емес қой.
Президент қандай тапсырма жүктеді?
Жалпы, суицид деген пәлекет пайда болғалы оған итермелейтін іс-әрекеттердің заман талабына сәйкес түрлері шығып отырған. Ал, оның бүгінгі күні кең тарап отырған түрі – кибербуллинг. Жалпақ тілмен айтқанда, түрлі ғаламтор желілері арқылы жасөспірімдерді бопсалау, қорқыту және қудалау. Бұл – қазіргі ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған дәуірде өте өзекті мәселе. Өйткені, қазіргі жастардың басым бөлігі бір-бір смартфон, планшет ұстап, кейбірі компьютердің алдында күні-түні отыратыны рас. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы жағдайды атап өтіп, көтерілген мәселені шешу үшін заңнамалық шаралар қабылдау қажет екендігін айтқан болатын.
«Адам құқығын қорғау бойынша жаңа шаралар қабылдау аса маңызды. Мен үшін бұл проблема басымдық саналады. Бүкіл әлемдегідей Қазақстан да интернет қудалаудан азаматтардың қорғансыздығымен бетпе-бет келіп отыр. Бірінші кезекте мұнан балалар зардап шегеді. Әсіресе, олар интернет-қудалауды ауыр қабылдайды. Өкінішке қарай, бұл қайғылы жайттарға алып келеді. Азаматтарды, әсіресе, балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық шаралар қабылдайтын кез келді. Балалардың құқығын қорғайтын өзге де шараларды күшейтіп, хабарландыру процедурасына қатысты Балалар құқығы туралы конвенцияның факультативтік хаттамасына қосылу қажет. Азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін бұл құжатты Азаптау, адамшылыққа жатпайтын өзге де қатаң іс-қимылға қарсы халықаралық конвенция ережелеріне сәйкестендіру қажет», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Содан кейін, Үкімет пен Білім және ғылым министрлігі тарапынан мұндай заңға қайшы әрекеттерді талдау, кибербуллинг пен суицидтің алдын алу жұмыстары басталып, қиындықпен бетпе-бет келген жасөспірімдермен жұмыс істейтін мобильді топтар іске кіріскен еді. Себеі, осы уақытқа дейін еліміздегі жасөспірімдердің 17 пайызға жуығы осы интернет-қудалаудың құрбаны болып үлгерген екен. Полицейлер де қарап отырған жоқ шығар. Бірақ, қоғам үшін қауіпті әрекеттің жолын кесуге бұл жұмыстар аздық етіп, ақпараттық технологиялардың кері әсерін тоқтатуға адамзаттың күші жетпей жатқан секілді.
Психолог мамандар бұл мәселе жайлы не айтады?
Гүлмира Тастемірқызы, «Рефрейм тұлғалық дамыту орталығының» психологы:
Кибербуллинг – адамды ғаламтор беттерінде, мысалы, әлеуметтік желілерде қорлау немесе қудалау. Оның алдын алу шаралары мыналар:
- сынып жетекшісіне хабарласып, баланы қорғау шараларын қолдану;
- баланың отбасы немесе өзі туралы ғаламтор желілеріне жүктеген түрлі суреттері өзіне қарсы қолданылатынын түсіндіру;
- балаға туындаған жағдайдан шығу жолын табуға көмектесу, мысалы, оған кері әсер ететін парақшаларды жою және т.б;
- ғаламторда біреумен сөйлесіп отырғанда немесе одан кейін арадағы қарым-қатынасты бақылау;
- егер отбасы мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына зиян келетін болса, құқық қорғау органдарына шағымдану;
- баланың көңіліне тиетін сөздерге немесе басқа қолданушылардың әрекетіне дұрыс жауап беруді үйрету, мәселен, бұзақылардың айласын бұзудың ең жақсы тәсілі – оны мүлдем елемеу және мән бермеу.
Жасөспірімдер арасындағы суицид 99 пайыз жағдайда отбасында орын алады. Оған отбасындағы ұрыс-жанжал, ата-аналардың бала тәрбиесін назардан тыс қалдыруы, тым қатал тәртіп, отбасындағы жағымсыз ахуал (үйден қашу, өмірден түңілу, т.б.), бала мен ата-ананың арасындағы түсініспеушілік, ата-аналардың бала жасына сай ерекшеліктерді түсінбеуі, үй тәрбиесінде бірыңғай талаптың болмауы, психологиялық зорлық-зомбылық және күн тәртібінің болмауы сынды себептер әсер етеді. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы суицид өтпелі кезең ерекшеліктерімен байланысты. Атап айтатын болсақ, ұл мен қыздың келіспейтін келбеті, жауапсыз махаббат, дене бітіміне көңілі толмау, мінез-құлық өзгерістері мен ішкі кикілжіңдердің пайда болуы.
Түсінгеніміз, қазір баланың болашағы үшін отбасындағы жағдайдың жайлылығы, ата-ананың бала тәрбиесіне ыждаһаттылықпен мән беруі, ғаламторды қалай қолданатынын, көңіл-күйін, жүрген ортасын бақылауы өте маңызды болып отыр. Әсіресе, қолынан смартфон түспейтін жасөспірімдерді тұрақты түрде назарда ұстау қажет. Сонымен қатар, ұстаз, тәртіп сақшылары сынды жауапты мамандар тарапынан атқарылатын жұмыстардың да маңызы ерекше болып отыр. Өйткені, кибербуллинг бірнеше адам шеше салатын мәселе емес. Қиындықты жеңуге тұтас қоғамның күші қажет.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
WI-FI-дың қандай ҚАУПІ бар екенін білесіз бе? Мамандар НЕ ДЕЙДІ?