СМАРТФОННАН қай кезде ӨРТ шығуы мүмкін

0
1 487

Жаңадан шыққан құрылғылардың бәрі бірдей қауіпсіз емес.


СМАРТФОННАН қай кезде ӨРТ шығуы мүмкін

Мобильді, ойын-сауықтық, байланыс құралдары танымалдылықтың ең биігінде тұр. Түрлі сайттар, әлеуметтік желілер, вайнерлер мен болгерлер Жер шары тұрғындарының бар назарын өзіне байлап қойды. Осының себебінен күніне кем дегенде екі-үш рет смартфонды қолға алып, ғаламторды бір шарлап шықпасақ, бір жоғымыз түгенделмей тұратындай. Бір ғана осы мақсатта телефон ғана емес, оның түрлі аксессуарларын түгелдеп әлекпіз.


Енді смартфонды сағаттап қолданатындар санатына оқушылар мен студенттер, ұстаздар қосылды. Осыған орай, «баламның сабақ оқуына ыңғайлы болсын» деп ата-аналар жаппай 3D ұлғайтқыш экран сатып алуға кірісті. Өкінішке орай, жаңадан шыққанның бәрі бірдей жақсы әрі қауіпсіз бола бермейді. Керегіңді елеп-екшеп алмасаң, пайдалы затқа емес, артық шығынға ұрынасың. Бірақ, мұны ескеріп, аталған аксессуарды тексеріп жатқандар аз. Осы орайда барлық ата-анаға 3D экран сатып алмас бұрын оның артық-кем тұстарымен толық танысуды ұсынамыз.


3D ұлғайтқыш экран – бұл не?

3D ұлғайтқыш – смартфон экранындағы бейнені үлкейтіп көрсететін түссіз экран. Оны қолдану арқылы телефон бетіндегі бейненің әрбір деталін анық байқауға болады. Өндірушілер жас балалар мен үлкен кісілерге өте пайдалы екендігін баса айтуда.

Құрылғы екі бөліктен тұрады: смартфонды орнататын тұғыр және негізгі бөлік – сөз болып отырған экран.

Құрылғы корпусы акрил, силикон және ABS-пластик материалдарынан жасалған. Сөмкеге салуға, өзіңмен алып жүруге өте қолайлы. Өйткені, қатталып жиналады және салмағы да небары 85-100 грамм аралығында.


Сапасы сын көтере ме?

Осыған дейінгі сатып алып, қолданып көргендердің пікірі сан алуан. Біреулері күнделікті кәдесіне жарап жүргенін айтып ризашылығын білдіреді. Енді біреулер еш пайдасы жоқ, бос шығын деп бағалауда. Үйдегі үлкендер үшін алғанын және ата-апалардың «көзіне жеңілдік сыйлап», көңілінен шығып жатқанын айтушылар да жетерлік.

Әрине, нарықта кез келген заттың бірнеше баламасы ұсынылатыны заңдылық. Сол секілді, сатылымнан 3D ұлғайтқыш экранның да бірнеше түрін таба аласыз. Бағасы қаншалықты арзан-қымбат, сапасын да соған қарай шамалауға болады.

Әлбетте, барлық өндірушілер жоғары сапада жасалғанын айтып сендіруге барын салады. Тұғырдың телефонды жақсы ұстайтынын, экранның көзді ауыртпайтын, шаршатпайтынын алға тартады. Сөйте тұра, баға мен сапа қатынасын саралау, таңдау тәуелсіз тұтынушының өз еркінде. Бірақ, аталған аксессуарды аларда бірінші кезекте тұғыр мен экранның сапалы материалдан жасалғаны мен мөлдір тазалығына назар аударыңыз деп кеңес береміз.


Жалпы алғанда, аталған құрылғының басты қызметі мен артықшылығы:

  • Телефон экранын расында үлкейтіп көрсетеді;
  • Бағасы қолжетімді;
  • Қолдану ережесі қарапайым, түсінікті;
  • Алып жүруге оңтайлы, жеңіл.


Ал, бірқатар кемшін тұстары ретінде мыналарды атауға болады:

  • Абайлап қолданбаса, тым осал, сынғыш;
  • Көзді тез шаршатуы мүмкін.

Ұлғайтып көрсеткенде экрандағы бейне сапасы төмендейді;


Денсаулыққа зияны жоқ па?


Өндірушілер мен тұтынушылардың айтары осындай. Ал, аталған құрылғы жайлы дәрігерлер не дейді?

Офтальмологтар 3D ұлғайтқыш экранның көзді тез шаршатпайтындығын мақұлдайды. Өйткені, бейне шынында ұлғаяды, соның арқасында ұсақ детальдарды көру үшін көз жанарына күш түспейді.

Алайда, мұндай экранның оптикалық қасиеті соншалықты жоғары емес. Соның салдарынан көру қабілетіне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Бейнежазбаны ұлғайтып көрсету барысында көптеген «паразитты» бейнелер мен дақтар пайда болады екен. Бұл өз кезегінде түстердің қанықтығын жояды. Көздің көру қабілетінің нашарлауына әкеп соғатын бір фактор осы.

Қолдану барысында белгілі болған тағы бір жайт - 3D ұлғайтқыш экранмен бір мезетте бір смартфонды екі адамның қатар көруіне мүмкіндік жоқтығы. Экранның қарсы алдында отырған жағдайда ғана бейне толық көрінеді. Ал, қиғаштай қараған адамға жартылай ғана көрініс ашылады. Бір адамның өзі әрлі-берлі қозғала бермей, қимылсыз отырмаса, көрініс көзден таяды.

«Техника ғажайыптары» бағдарламасы жүргізген зерттеу қорытындысын қоса кеткен де артық болмас. Арнайы зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, егер 3D ұлғайтқыш экран күн көзі тіке түсетін жерде қалып қойса, өздігінен тұтанып, өрт шығу қаупі бар көрінеді.

Әрине, бұл кемшіліктер 3D ұлғайтқыш экранның барлық түріне тән деген сөз емес. Жоғарыда айтқанымыздай, арзан және қымбат, сапалы және сапасыз – сан түрі сатылуда. Қажет бұйым деп санасаңыз, денсаулыққа зияны тимейтіндей сапалысын таңдап алуға тырысыңыз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Түніңіз тыныш болмай жүрсе, ОСЫ ҚҰРАЛдар көмектеседі


Бау-бақша үшін ТАПТЫРМАЙТЫН құралдар