"Инстаграмға салмасаңыз болды": Мейрамханалар жаңажылдық корпоративтерге тапсырыс қабылдап жатыр

0
1 080

Жыл сайын желтоқсанда табанымыз тесілгенше билеп, көңіл көтеретінбіз. Биыл бұлай туламақ түгелі, бас қайғы.


Еліміздегі карантин талаптары елемей, тығылып той-томалақ өткізіп жүргендер жетерлік. Екі жастың қуанышынан бастап туған күніне дейін атап өткен отандастарымыздың кейбірі полицияға ұсталып, ірі айыппұл төлеп жатқандары да бар. Бұл тізімге енді жаңа жылдық корпоратив ұйымдастырғандар да енетін секілді. Өйткені мейрамханалар қазірдің өзінде 200 адамға дейін тапсырыс қабылдап қойған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Карантин жеңілдемесе де, қазір "көкесі" мықты мейрамханаларда, есік пен пердені бүркеп алып, көңіл көтере беруге болады. Енді бір 10-15 күнде жаңа жыл да табалдырықтан аттағалы тұр. Демек «мысық пен тышқан» ойыны қазіргіден де қыза түседі деген сөз.

Иә, жыл сайын желтоқсанда тап осылай, табанымыз тесілгенше билеп, көңіл көтеретінбіз. Биыл бұлай туламақ түгелі, бас қайғы. Вирус, дағдарыс, үнемдеу... тағысын тағы.


«Біздің мемлекетімізде бүгінгі күні топталған мерекелер өткізу не болмаса, корпоративтік жиындар өткізуге тыйым салынған. Сол себепті биылғы жылы жаңа жылдық тойлау басқа да мерекелерді топтасып бірге тойлауға әлі күнге дейін ешқандай рұқсат жоқ», - дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Бірақ СЭС-тің рұқсатына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Мейрамханалар қазірдің өзінде 100-200 кісілік ұжымдардың жаңажылдық кешіне тапсырыс қабылдап қойған.


«Ол туралы бізде де ақпараттар бар. Жұмыстардың барлығы мобилдік топтармен жүргізіліп жатыр. Кейбір бизнес өкілдері белден басып, әлі күнге дейін түнде тығылып, артқы есіктен не болмаса басқа есіктерден кіргізіп, қызметтерін атқаруда. Өңірлерде барлық жерде той өткізу тоқтамай жатыр», - дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

«25-нен 28 дейінгі кез келген дата»
«27 не да? Қанша адам? -70-80 шақты примерно. Келіңіз, аламыз. Сөйлесеміз. Телефонмен айтпаймыз. Келесіз. Бәрін айтамыз».

Иә, көбісі телефонның ар жағынан ашылуға қашқақтайды. Кездесіп, талқылауға келістік. Кісі басына 16 500 теңгеден. Ішімдіктен басқасын осы сомаға енгізіп қойған. Түнгі 12-ге дейін сауық құруға рұқсат дейді.

«Маска это так для галочки. Для галочки пусть они будут у вас. Никто сюда не зайдет. Біз сізге айттық қой. Это не ваша проблема. Только от вас зависит в инстаграмм не ставит».

"Көкесі" барлар жарнамадан да жасқанатын емес. Көпке белгілі қонақ үйлер желісі еш қымсынбастан жарнаманы жарып жатыр. Вирустың өршіп тұрғанына қарамастан, шоудың көкесін көрсетпекші.

Әрине, мұндай кеш қалтасы таяздарға арналмағаны белгілі.

- Тиматидың концертіне билет алу үшін сізге біздің отелде тұру керек. Тек қонақтарға арналған. Бронь минималды 3 түнге жасасаңыз болады. Үш түнге екі адамға 525 мың. Ал концертке 31-і күні 250 мың теңгеден басталады.
- 100 пайыз кепілдік бересіздер ме, аяқастынан рейд болып қалмайды ма?
- Жоқ. Ондай жоқ бізде.

Осы орайда пандемия басталғалы тірлігі шатқаяқтап қалған шоумендер жаңа жылға пакет-пакет шоуларын ұсынып әлек.


«Бізде жаңажылдық корпоративтер өтіп жатыр. Алдыңғы жылдан қарағанда сұраныстар аз, әрине. Бірақ адамдар уже хабарласып, даталарды брондап жатыр. Үш түрлі пакетпен сатып жатырмыз. Бірінші пакет 120 мын. Екіші пакет 200 мын. Үшінші пакет 600 мың», - дейді шоумен Бекжан Маханбет.

Иә, биылғы жыл ешкімге оңай соқпады...

«Людям нужен праздник. Все равно же, по любому. 00:36 если будет корпоративка, конечно пойду, да».

Бірақ, індетті жеңбей...

«Қажет емес қой. Пандемия. Артық шығын деген нәрсе бар. Қаражат».
«Пандемия кезінде ол дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені қазір енді карантин талаптарын сақтау керек қой. Адамдар көп орналасқан жерде ол өте қауіпті болады. Семьямен, жанұямен үйде дегендей».
«Қазіргі уақытта әрине дұрыс емес. Көпшілік жиналуға болмайды. Аман-есен қиыншылықтан өтсек екен деп жүргенде. Оның несін тойлаймыз. Жетіскеннен, басқосудан арылу керек сияқты».

Иә, пандемия біраз ысыраптан, дарақылықтан арылуға икемдегені рас. Онлайн неке, онлайн жұмыс қатарына енді онлайн корпоратив те қосылатын секілді. Қазірдің өзінде бірқатар мемлекет мұны қолға алып та үлгерді.