​2019 жылдан бастап ұшақ билетінің бағасы арзандауы мүмкін

0
3 323

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева билет құны нақты қашан арзандайтынын сұрады.


​2019 жылдан бастап ұшақ билетінің бағасы арзандауы мүмкін

ERNUR.KZ. Келер жылдан бастап Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы арзандайды. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев Парламент Мәжілісінде туристік саланы дамыту туралы үкімет сағатында мәлімдеді, деп жазады Baq.kz.

Мәжіліс депутаты Шавкат Өтемісов әуе билеттерінің бағасын арзандату туралы мәселе көтерді.

«Құрметті, Тимур Серікұлы. Әуе және темір жол билеттерінің бағасы туризмді дамытуға кедергі келтіріп отыратын елеулі проблемалардың қатарына жатады. Мысалы, Ресей туристері үшін Мәскеуден Астанаға келу 20 мың ресей рублі көлемінде қаржы талап етсе, Амстердамнан Мәскеуге билет құны 1213 мың ресей рублін тұрады. Қазақстанның ішкі рейстерінің бағасы да өте қымбат, сондықтан қазақстандықтардың көпшілігінің қалтасы көтере алмайды. Мысалы, Астанадан Алматыға бару үшін 20-82 мың теңге қажет. Жиырма мың деп отырғанымыз 2-3 ай бұрын алатын билет және қайтаруға жатпайды. Мұндай жағдайда отбасылық туризмді дамыту мәселесі өте қиын шаруа болып тұр. Облыс арасындағы байланысқа келер болсақ тиісті рейс маршруттардың жоқтығы немесе олардың санының аз болғаны да туризмді дамытуда үлкен проблема туғызып отыр. Сондықтан келесі сұрағымды анықтағым келеді: әуе билеттерге қолжетімді баға қалыптастыру және жаңа ішкі маршруттарды құру мәселесі қалай шешілетін болады? Бұрын каникул кезінде балалар үшін арзан туристік пойыздар қалыптастыру практикасы болған еді», - деп сұрады депутат ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевтан.

Вице-министр әуе билетінің бағасына жанармай құны әсер етіп отырғанын атап өтті.

«Әуе билеті мәселесі әр азаматымыз үшін маңызды. Министрлік соған сәйкес жұмыстар жүргізіп отыр. Бізде балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектер мен жастарға жеңілдіктер қарастыратын жолаушыларды тасымалдау ережесі бекітілген. Ол жүзеге асырылып отыр. Бұдан бөлек оның бағасын төмендетуге байланысты мәселе әлі күнге дейін қалып отыр. Қазіргі таңда Энергетика министрлігімен бірлесе еліміздегі ұшақ паркілерін өзімізде өндірілетін әуекеросиндермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп отыр. Келер жылы отандық әуекеросинмен толықтай қамту жоспарлануда. Сондай-ақ, әуекомпаниялардың тұрақты рейстерінің санын арттырмақпыз. Бұл билет бағасының арзандауына әсер ететін болады. Сол себепті осы бағытта министрлік жұмыстар атқарып отыр. Келер жылы нәтижеге жетеміз деп ойлаймын», - деп жауап берді ол.

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева билет құны нақты қашан арзандайтынын сұрады.

«Сіз билет құны төмендейтін болады деп жақсы айттыңыз. Бірақ ол қай кезден бастап арзандайды, нақты айта аласыз ба? Келер жылдан бастап арзандай ма, жоқ па? Шамамен қай уақыттан бастап?» - деп сұрады ол.

«Жалпы экономикалық жағдай мен әуе жанармайының бағасына байланысты келер жылы баға қолайлы болады деп ойлаймыз», - деді вице-министр.