31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

0
3 022

Қазақ жерінде тұтқындалған 100 мыңнан астам адамның әр төртіншісі ату жазасына кесілді.


31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

ERNUR.KZ. Өткен ғасырдың ортасында қуғынға ұшыраған 350 мыңға жуық азамат еліміз егемендік алғалы ақталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ жерінде тұтқындалған 100 мыңнан астам адамның әр төртіншісі ату жазасына кесілді. Оның ішінде ұлт зиялылары да солақай саясаттың құрбанына айналды.

Өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін – халқымыздың басынан қайғы-қасірет түспеген кезең. Еліміз егемендік алғаннан кейін нәубет құрбандарына тағзым ету және оларды ақтау мақсатында тиісті шаралар мемлекеттік деңгейде атқарыла бастады. Мәселен, тәуелсіздік алған тұста «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» арнайы заң қабылданды. 1997 жылы Елбасы Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. 1928 жылы Алаш қозғалысының белсенділеріне «халық жауы» мен «ұлтшылдық» айыптары тағылып, тұтқындала бастады.

Жазықсыз атылғандардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргенов сияқты ұлт зиялылары мен басқа да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері бар.


- Біз әдетте тек қайраткерлерді айтып жүрдік. Ал оның ішінде қаншама діни қайраткерлер бар. Соғыс құрбандары бар. 18 жасында кетіп, өмірінің соңына дейін азаппен қаншама жылдарды арқалап кеткен азаматтар бар. Не көрді? Ешқандай қызық көрмеді. Осының барлығында құрылмақ алдағы комиссия бәрін жік-жігімен, жүйесімен өркениетті деңгейде қалпына келтіреді деген үмітіміз бар. Сол үміт ақталса деген халықтың да сенімі бар, - дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы.


Сол жылдары Отанын сатты деп айыпталғандардың әйел, бала-шағасы мен жақын туыстары «Алжирге» қамалды. Ақмола лагері жауыздық пен қатыгездіктің қара таңбасына айналды. 20 мыңға жуық әйел қайғыға батып, қасірет шекті. Тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылмақ. Бұл туралы Президент өз үндеуінде айтты.


– Жалпы, бұл өте маңызды құжат. Президенттің үндеуі біздің соңғы 30 жылдағы саяси-қуғын сүгін, ашаршылық туралы, кінәсіз күйгендер туралы ойымыздың бір парықталуына және жинақталуына әсер етіп отыр. Әдетте біз репрессия деген кезде бір ұғымға сыйдырғымыз келеді, - деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы.


Дихан Қамзабекұлының айтуынша, өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннің түп-тамырында ұлттың тағдырына кері әсер еткен әлеуметтік трагедия жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде де бұл тақырып қозғалған.


«Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды. Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық. Бүгінде республика өңірлерінде «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтері орнатылған.

Бұл – қазақ жұртының ақ пейілі мен даналығына деген шексіз ризашылықтың белгісі. Жазықсыз жазаланғандардың әрбірін есте сақтау арқылы жарқын болашаққа жол ашылады. Жапа шеккендердің рухына тағзым ету – перзенттік борышымыз деді Мемлекет басшысы.