«7-20-25» бағдарламасы: Арзан ипотека алдымен жас отбасыларға берілуі мүмкін

0
1 389

Мемлекет басшысы аталған бастама аясында арзан ипотеканы алдымен жас отбасыларға беруді ұсынды.


«7-20-25» бағдарламасы: Арзан ипотека алдымен жас отбасыларға берілуі мүмкін

ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Президентке «7-20-25»бағдарламасы туралы айтып берді. Мемлекет басшысы аталған бастама аясында арзан ипотеканы алдымен жас отбасыларға беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баспана алдымен кімге керек? Әрине, жас отбасыларға. Міне, осы санаттағы азаматтар көбірек үй алсын. Басқалар да бар. Ең бастысы, ипотеканың мерзімі бұрынғыдай 5-10 жыл емес, 25 жыл болады.Сосын құрылыс компаниялары тұрғын үйлердің бағасын түсіруі тиіс. Сонда қарыз алған адамның несиесі де жеңілдейді», - деді Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында.

ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, жаңа бағдарламаға тек баспанасы жоқ азаматтар ғана қатыса алады.

«Әрине, әрбір адамның төлем қабілеттілігіне баса назар аударылады. Себебі алған несиенің төлемдерін ай сайын аудару қажет. Біздіңше, аталған бағдарламаға сұраныс жоғары болады. Сосын бастапқыда арзан ипотека тек жаңа үйлерге ғана таралады. Уақыт өте келе, бағдарламаны кеңейту жағын қарастырамыз», - дейді Д.Ақышев.

Бас банкирдің сөзіне қарағанда, Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда арзан ипотеканың шекті мөлшері 25 млн теңге болады. Ал басқа аймақтар үшін 15 млн теңгеге дейін жетеді. Айта кетейік, бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы басталды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Достық үйін ашуды тапсырды.