700-ден астам ата-ана балаларына қызылшаға қарсы екпе салудан бас тартқан

0
418

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, қорда қызылшаға қарсы 19 мың доза екпе бар.


700-ден астам ата-ана балаларына қызылшаға қарсы екпе салудан бас тартқан

ERNUR.KZ. Ертіс өңірінде 700-ден астам ата-ана балаларына қызылшаға қарсы екпе салудан бас тартқан, деп жазады baq.kz.

Қазір облыста қауіпті дерт бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығына орай иммундау шаралары жүргізіліп жатыр. Мамандардың хабарлауынша, аймақ аурудың таралу деңгейі бойынша «жасыл» зонада. Десе де, көршілес елдерден көшіп келетін адамдардан жұғуы мүмкін.

Салалық мекеме мамандарының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін екпе алуға жататын балалардың тізімі жасалған. Наурыз айының басынан бері екпе алмаған 2716 баланың 400-ге жуығы иммундау шараларынан өтті. Жалпы елімізде дерт жұқтырудың 66 оқиғасы тіркелді. Бұл сәбилердің 70%-ы вакцина алмаған болып шықты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, қорда қызылшаға қарсы 19 мың доза екпе бар.

Демек, профилактикалық екпе күнтізбесіне сәйкес балаларды жастарына байланысты вакциналауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар наурыз айынан бері екпе алуға үлгермей қалған сәбилер де иммундау шараларынан өтуде. Оған қоса, инфекция жұқтырып алуы мүмкін 50 жасқа дейінгі медицина мамандары, яғни, екпе алған-алмағанын білмейтін қызметкерлер екпе салдыра алады. 14-19 жас аралығындағы жеткіншектер де вакцина алуы тиіс топқа жатады. Біздің мақсат – екпе алуға жататын тұрғындардың 95%-ын қамту. Себебі, қызылшамен күресудің ең тиімді жолы - екпе. Осылайша, ұжымдық иммунитет қалыптасады, - дейді Айгүл Мұқышева.

Бүгінде облыс бойынша иммунологиялық комиссиялар жұмыс істейді. Әр медициналық мекемеде екпе кабинеттері жасақталған. Кез келген тұрғын инфекциялық аурулар бойынша кеңеске жүгіне алады.

Айта кетейік, соңғы бес жылда елімізде қызылшаның екі эпидемиясы тіркелді. Нақтырақ айтқанда, 2015 жылы зертханалық деңгейде 2340 жағдай, ал 2019 жылы 13326 расталды. Сонымен қатар 3545 жағдай клиникалық деңгейде расталды.