Адам құқығы мен мемлекет мүддесі – Прокурорлар назарында

0
68

«6 желтоқсан – Прокуратура күні»


Адам құқығы мен мемлекет мүддесі – Прокурорлар назарында

Қазақстан Республикасында жыл сайын 6 желтоқсан күні прокуратура күні атап өтіледі. Себебі, мемлекеттің басты байлығы болып саналатын әрбір азаматтың құқығын қорғау және Ата Заңымыздың ішінде қаралған талаптардың дұрыс орындалуын қамтамасыз ететін бұл органның қоғамда алар орны айрықша.


Алдымен біздің елдегі прокуратура органдарының жүріп өткен жолына тоқталып өткенді жөн санап отырмыз. Жалпы, бұл құзіретті орган осыдан жүз жылдай уақыт бұрын, дәлірек айтсақ өткен ғасырдың 22 жылы Әділет халық комиссариаты қызметінің құрамында іске қосылған. Ал 36 жылы Кеңес одағының жаңа заңдары қабылданып, еліміз одақ ішіндегі республика атанған кезде прокуратура одан әрі дами түсті және мемлекеттік прокуратура азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз ететін жек ұйым ретінде жұмыс істей бастады. Бір жыл өткеннен кейін Одақтық Республика – Қазақстанның жеке заңдары бекітіліп, бұл органға заң талаптарының дұрыс іске асырылуына бақылау жасау тапсырмасы берілді. Дегенмен, бұл кезең өздеріңіз білетіндей түрлі саяси жағдайлар орын алып, қазақтың талай көшбасшысы қуғынға ұшырап жатқан алмағайып заман болатын. Сол бір саяси оттың бір ұшқыны прокурорларды да шарпып, бір ғана 37 жылдың өзінде қырықтан аса маман бір де бір себепсіз қызметтен босатылып, тіпті кейбіреулерінің басына іс ілініп, темір торға қамалған.


Сондай-ақ, еліміздегі прокуратура саласының мамандары екінші дүниежүзілік майданға да қатысып, алғашқы жылдың өзінде 900-ге жуық прокурордың жартысына жуығы әскер қатарына қосылған екен. Осылайша, ел егемендік алғанға дейін Қазақстан прокурорлары түрлі соқтықпалы-соқпақты жолдарда өтіп, мол тәжірибе жинақтады. Ал, 1991 жылдың 6 желтоқсанында Жоғары Кеңестің қаулысы шығып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы аясында тәуелсіз елдің прокуратурасы құрылды. Осы орайда 2004 жылдың 25 ақпанында Бас Прокурордың бұйрығымен осы күн «ҚР прокуратура органдарының құрылған күні» болып белгіленіп, кәсіби мереке жыл сайын үзілмей тойланып келе жатыр.


Осыған орай, бүгін еліміздің Бас прокуратурасында мерекелік іс-шара өткізіліп, Бас прокурор Асылов Берік алдымен сала ардагерлеріне құрмет көрсетіп, аға буын жазып кеткен тарих өшпейтінін және жас буынға қашан да үлгі болатынын айтты. Содан соң, ел Президентінің тапсырмасымен прокуратура саласының беделін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен тың реформаларға тоқталып, азаматтардың құқығын қорғауды жетілдіру, ел арасындағы құқықтық мәдениетті дамыту және заңбұзушылықтарға көз жұма қарамау өте маңызды екенін жеткізді.


Сондай-ақ, Берік Ноғайұлы жаңадан қабылданған «Прокуратура туралы» заңның құқыққорғау жүйесін дамтуға, қылмыстың мән-жайын анықтау барысында көрсетілетін қысымды төмендетуге, ел арасындағы күш көрсетуге тосқауыл қою, кәсіпкерлердің құқығын қорғау, шет елдерге заңсыз жол тартқан шығындарды елге қайтару барысындағы іс-әрекеттерге оң әсерін тигізіп жатқанын баяндады. Одан бөлек, прокурорлар қоғам мен мемлекеттің барлық бағыт бойынша дүрыс әрекет жасауын, қаржы айналымын және әрбір адамның тапталған құқығын қалпына келтіруді қамтамасыз етуі тиіс екендігін мәлімдеді.


Сонымен қатар, ел президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың прокуратура органдарына жүктеген міндеттерді абыроймен атқаратындықтарына сенім білдіріп, маңызы зор жұмыстарды жүзеге асырудың тиімді тұстарына тоқталды. Содан соң, жыл бойы атқарылған жұмыстарға талдау жасап, өздерінің қызмет бабындағы жауапкершілігі мен азаматтақ парыздарын мүлтіксіз орындап жүрген қызметкерлерге жылы лебізін білтірді. Нәтижесінде, сенімге селкеу түсірмей жұмыс істеп жүрген төрт жүз елу қызметкерге марапаттар тапсырды. Мұндай іс-шаралардың әрбір өңірде өткізілгеніне де күмән жоқ.


Сөз орайы келгенде прокуратура органдарының қызметтері мен міндеттеріне кеңінен тоқталып өтуді жөн санадық. Негізі еліміз егемендік алғаннан кейінгі отыз жылдан аса уақыт ішінде құзіретті органның міндеттері мен құрылымында өзгерістер болды. Алайда негізгі қызметі өзгеріссіз қалып, Ата Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді іске асырып келе жатыр. Яғни, Ата Заңымыз айрықша құзіреттер берген бұл органдар Конституцияның аяқасты болмауына, еліміз бен тұрғындардың мүддесінің қорғалуына, жалпы барлық іс-қимылдың заң шеңберінде атқарылуына бақылау жүргізеді. Толықтыра айтар болсақ, прокуратура органдарының басты жұмысы – заңға деген құрмет пен қоғамдық тұрақтылықты арттыру, еліміз басты бағдар еткен бағыттардың орындалуы барысындағы құқықтық проблемаларды шешу, барша қазақстандықтың тең дәрежеде қарастырылған құқықтарын қорғап, заңбұзушылықтарды алдын ала жою. Бүгінде біздің елімізде прокуратура органдары құқыққорғау саласының негізгі тірегі болып саналады. Сондықтан жоғарыда айтылған құжатта прокуратура саласының бақылау жұмысы мен қызметті үйлестіру тетіктерінің нәтижелі болуына көңіл бөлу, прокурорлардың жұмыс үрдісіндегі тетіктерін жетілдіру, сонымен қатар азаматтардың құқығын қорғау барысында қолданылатын қосымша міндеттерді жүктеу сынды мәселелер қамтылған. Өз кезегінде прокуратура органдарында орын алып жатқан жетілдіру реформалары тиімділігін көрсетіп, мемлекет басшысының бастамасымен бет алған әділетті, теңқұқықты Қазақстанға жету жолында оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.


Біз осыған дейін прокуратура туралы жаңа заңды қозғадық. Бірақ, нақты деректерге тоқталмаған екенбіз. Атап өтер болсақ, өткен жылдың бесінші қарашасында Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» жаңа заңы қабылданды. Осы ретте ел тарихында тұңғыш рет прокуратура органдарына қатысты заң конституциялық дәрежеге ие болғанын айта кету керек. Тиісінше, аталған заң прокурутару саласындағы қызметтердің тиімділігін арттырып, жүйелі әрі заң аясында іске асырылуына септігін тигізеді.


Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – біздің еліміздегі прокуратура барлық істің заңдылығын бақылайтын құзіретке ие әрі қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын сақтайтын орган. Прокуратураның қоғамдағы беделі мен оң ықпалына ешкім күмән келтіре де алмайтын шығар. Оның үстіне бүгінгі прокуратура органдары дамыған технологияларды жетік меңгеріп, азаматтардың барлық арыз-шағымы мен талап-тілектерін жедел әрі жеңіл қабылдап алу жүйесін іске қосқан. Осылайша прокуратура органдары қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп, мемлекет мүддесін қорғауға қалтықысыз қызмет етіп келе жатыр.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ