Ақмола облысында ақбөкендер егіс алқабын таптап жатыр

0
448

​Ақмола облысындағы шаруалар ақбөкеннен шаршадық деп шу шығарды.


Ақмола облысында ақбөкендер егіс алқабын таптап жатыр

Елсіз ен даланы мекендейтін аша тұяқтылар, атбасарлық диқандардың еңбегін еш кетіріп жүр. Көктем шыға Жезқазған жақтан ауып келген мыңдаған дала жануары соңғы үш жылдан бері егіс алқабын таптап, шаруаларды шығынға батырған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Өткен жылы 10 шаруашылықтың әрқайсысы 3-5 мың гектар жердегі астығынан айрылған. Тапталған алқап актіленіп, тіркелгенімен шығын сол бойы өтелмеген. Ақбөкен біткен Атбасарға ауғандай. Дала жануарының санын қазір дөп басып ешкім айта алмайды. Мыңдаған тұяқты егістік алқапты таптап өткенде сан соғып қалатын шаруа ғана. Қазір оның үстіне төлдеп күннен-күнге көбейіп жатыр. Тұқымы құрып кете жаздап, енді өсіп өніп келе жатқан дала еркесінің көбейгеніне қуанасың.
Тырс еткенге селт ететін киелі киік тұра қашып, тәлтіректеп жүргені енді ғана туған құралайы. Тыңға түрен салғанда осы бір жануардың жәйі ескерілмесе керек. Жан-жақтың бәрі мыңдаған гектар егістік алқап. Киік жайылымы да осы жер. Әдетте егін енді көктей бастағанда ақбөкендер табынымен таптап өтеді екен. Шығынға әбден баттық деген шаруалар оларды қууға да қақымыз жоқ дейді.
"Мәселе өте күрделі. Киіктер егістікті таптайды,тұяғымен қазады, тіпті жатады сол жерде. Қууға болмайды, қуам деп аяғын сындырсаң айыппұлы көп. Өткен жылы біздің шаруашылықтың 3 мың гектар астығы жарамсыз болып қалды. Олар енді көктей бастағанда өріп шығады. Біз жоғарыдан көмек сұраймыз. Бір амалын таппаса құримыз", - агроном Төлеу Биғалинов.
Көктемгі егіс қазір қызған шағында. Енді бір-екі аптадан кейін көктей бастайды. Қазір төлдеп жатқан киіктер де сол кезде алқапта ойран салады екен. Көктемей жатып көктей солатын егістік алқапты актілеп, шығынды есептегенмен, ол тек қағаз бетінде қалады. Ал 2-3 лақтан туатын киіктер биыл былтырғыдан бірнеше есеге көбейген.
Шаруалар мемлекет тарапынан қорғалатын ақбөкендердің көшіп қону барысын да жауапты мекемелер қадағалауына алсын дейді. Миллиондап шығынға батырған киік мәселесін айтып олар Үкіметке де хат жолдапты. Онсыз да лизинг, несие төлеуге қиналып жүрген диқандардың шыдамы таусылды деп отыр. Алайда жануарлар дүниесіне жауапты қорықшылар егістікті емес, ақбөкеннің өзін қорғаймыз дейді.
"Өкініштісі, арасында да бұл проблема бар. Әрбір шаруашылық жер алған соң оның қорғауын өзі ойлауы керек. Мотоциклист болсын, Атбасар жақта егінді қалай қорғайды, сол мәселені әрбірі шешуікерек. Бірінші мәселе – ақбөкенді қорғау", - дейді «Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ басшысы, Лашынтай Дүйсенов.
Иелігіңдегі мыңдаған гектар алқапты шаруа өзі қорып, қажет болса сақтандырсын дейді жауаптылар. Бірақ төтенше жағдайдан келетін түрлі апаттың ішінде ақбөкеннің аша тұяғынан сақтандыру деген шарт жоқ екен. Сондықтан 70 мыңнан аса киік Қайрақты жайылымын жаздай жайлап, күзде Бетпақдалаға ауып кеткенше шаруларда маза болмайды.