"Ақшадан қиналып кетті": Атырау облысында өзін өртеп жіберген ер адам көз жұмды

0
354

Доссорда өзін өртеп жіберген 62 жастағы Біржан Баетов үш күн жансақтау бөлімінде жатып, сол күйі есін жимады.


ERNUR.KZ. Атырау облысында өзін-өзі өртеген ер адам жансақтау бөлімінде ес жимастан мерт болды, деп жазады stan.kz.

Доссорда өзін өртеп жіберген 62 жастағы Біржан Баетов үш күн жансақтау бөлімінде жатып, сол күйі есін жимады. 17 қаңтарда таңғы сағат 5-тер шамасында ол көз жұмды. Оның денесінің 70%-ын күйік шалған еді.

Атырау полиция департаменті ер адамның өзін өртеуіне отбасындағы жанжал әсер етті деп мәлімдеді. Алайда жақындары мен көршілері бұған келіспейді. Әйелінің сөзінше, күйеуі жоқшылықтан әбден қажып, осындай қадамға барған.

Марқұм – көпбалалы әке, артында екі ұлы, төрт қызы қалды. Өндірісте қолы жарақаттанып, 3-топ мүгедектігін алған. Көше тазалап, мал бағумен айналысқан, аула да сыпырған. Тұрақты жұмысы болмай, кейін жұмыссыздар есебінде тұрды.

Әкімдік берген жалдамалы үйіне несиеге жиһаз бен түрлі зат сатып алған. Екі қызын ұзатқанда да қарызға батқан көрінеді.

“Бізге қиын болып кетті. Бала-шағаға да жеткізе алмай, тамақты да несиеге, қарызға алдық. Қарызды қайтадан беремін. Сөйтіп қиын жағдай болып кетті. Жолдасым да қиналып кетті, мен де қиналдым. Жұмысым да тұрақты болмады. Екеуміз арасында осылай жанжалдасып, ұрысып қалатынымыз бар. Сол қиындықты жолдасым көтере алмады”, — дейді әйелі.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, қалада мыңдаған адам үйдегі қариялардың зейнетақысына, мұғалім немесе тәрбиеші болып істейтін әйелдердің жалақысына күнелтіп отыр. Себебі елді мекенде одан басқа жұмыс жоқ.

“Бұл кісінің қазасы жайлы неше түрлі ақпарат беріп жатқан болар. Мұны терең зерттесек, бәрі тұрмыстық жағдайға келіп тіреледі. Халықта жұмыс жоқ. Балаларына жұмыс жоқ. Келген келінде де жұмыс жоқ. Соның бәрі әсер етеді”, — деді жергілікті белсенді Ғазиз Ғабдуллин.

Еске сала кетсек, Атырау облысында ер адам отбасылық жанжалдан кейін өзін өртеп жібергені айтылды. Ол денесінің 70%-ын күйік шалып, ауруханаға жеткізілген еді.