Ақтауда қызметкерлеріне 76 млн теңге төлемеген медициналық клиника анықталды

0
733

Прокурор тексерісінен 287 жұмыскердің жалақысы төленді.


Ақтауда қызметкерлеріне 76 млн теңге төлемеген медициналық клиника анықталды

ERNUR.KZ. Ақтау қаласы прокуратурасы жүргізілген талдау нәтижесінде «Сенім» медициналық клиникасы» ЖШС-нің еңбек заңнамасын бұзу деректері анықталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Биылғы екі айда 287 жұмыскерге 76 млн теңгеден астам жалақысы төленбеген», - деп атап өтті прокуратура өкілдері.

Қала прокуратурасы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізген.

«Қадағалау актісін қарау нәтижесімен жұмыс беруші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 87-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалған», - делінген Маңғыстау облысы прокуратурасының хабарламасында.

Жалақы бойынша берешек толықтай өтеліп, жұмыскерлердің конституциялық құқықтары қалпына келтірілген.

Азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы Маңғыстау облысы прокуратура органдарының бақылауына алынды.