Ақтөбеде мың домбырашы бір мезгілде күй тартты

0
1 761

Бұл күні оқушылар ғана емес, ұстаздары да белсенді болды.


Ақтөбеде мың домбырашы бір мезгілде күй тартты

Ақтөбенің Қазақ халқына мың алғыс стелласы алаңында Ұлттық домбыра күні 1 мың домбырашы бір мезетте бірнеше күй орындады, деп жазады ҚазАқпарат.

Ұлттық домбыра күні облысқа танымал атақты күйшілер бастаған 1 мың домбырашы бір мезетте бірнеше күй тартты. Қолына ұлттық аспапты ұстаған ақтөбеліктерге Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор, дирижер Қайырғали Қожанбаев алғыс айтты.

photo

«Домбыра қазақтың жан жолдасы, рухани жан азығы болып келе жатыр. Домбыра туралы ән де бар. Бәленбай мың күй бар. Әншілердің, күйшілердің, оркестрдің қолында, бір сөзбен айтқанда бәрінің қолында – домбыра. Домбыра туралы «9 перне тағылған, желдей есіп, судай тасып ағылған» деген ән сөздері бар. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп те айтамыз. Домбыраны жоғары санап, әспеттеп, оған өздерінің рухани сөздерін, көңілдегі, жүрегіндегі ойларын айтқан лебіз де аз емес. Үкіметіміз осының бәрін ескере келіп, домбыраға осындай күн бөлген. Оған халық риза. Қазақ халқы, әрбір қазақ тірі тұрғанда домбыра өлмейді, домбыра сайрайды, домбыра күй тартады, өзінің адамға деген, халыққа деген қызметін атқара береді», - деді Қайырғали Қожанбаев.
photo

Шарада Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Ахмет Жұбановтың «Би күйі» күйлерін орындады. Шараға қала тұрғындарымен қатар мектеп оқушылар, студенттер, музыка мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.
«Мен анама, әжеме домбыра үйірмесіне қатысқым келетінін айттым. Үйірменің кейбірі алыс болды. Бірақ кейін мектепте ашылды. Қазір күй үйреніп жүрмін. Әжем де үйретеді. Өзім 10 жастамын. Домбыра шертіп, ән де айтқым келеді»,- деді мектеп оқушысы Нұрайым Сәкенова.
Бұл күні оқушылар ғана емес, ұстаздары да белсенді болды.
«Домбыра күнін дұрыс белгіледі. Домбыра – қазақтың жаны. Домбырамен мұң-зарын айтып, шерін тарқатады. Үйде екі домбырам бар. Немерелеріме де үйретемін. Ынтасы жақсы»,- деді мәдениет үйінің қызметкері Өмірсерік Тәжіғұлов.

Шара кезінде қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.