Ақтөбедегі екі су қоймасының толып кету қаупі сейілді

0
2 000

Ақтөбе және Сазды су қоймаларында су ағызудың оңтайлы транзиттік режимін енгізу арқасында су толып кету қаупі жоқ.


Ақтөбедегі екі су қоймасының толып кету қаупі сейілді

Ақтөбе облысындағы су қоймаларының деңгейі әр екі сағат сайын өлшеніп отыр. Вице-премьер Серік Жұманғарин бүгін таңертең, 2024 жылғы 7 сәуірде, Ақтөбе облысындағы Елек, Қарғалы және Сазды өзендерін жалғайтын үш су қоймасын әуеден бақылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ақтөбе және Сазды су қоймаларында су ағызудың оңтайлы транзиттік режимін енгізу арқасында су толып кету қаупі жоқ. Қарғалы су қоймасындағы келіп жатқан су көлемі жоғары күйінде қалып отыр. Мұнда бір апта ішінде су толуының алдын алу үшін оны ағызу қолмен реттеліп келеді. Жобалық сыйымдылығы 280 млн текше метр болатын Қарғалы су қоймасының толу деңгейі бүгінде – 270 млн м3 немесе 97%. Жасанды реттеу режимінің нәтижесінде 350 м3/с жылдамдықпен су келуі кезінде 350 м3/с жылдамдықпен су ағызу жұмыстары жүргізілуде. Қазгидрометтің болжамы бойынша, келіп түскен су көлемі азая бастады.

«6 сәуірден 7-не қараған түні Қарғалы жағалауына жақын орналасқан және су басу қаупі төнген қала шетіндегі үйлердің тұрғындарын жаппай шұғыл эвакуациялау жүргізілді, 127 адам қауіпсіз жерге көшірілді», — деді Серік Жұманғарин.

Су тасқыны салдарынан Ақтөбе облысында 1053 тұрғын үй (Ақтөбе қаласында – 135, аудандарда – 918), 46 ғимарат пен құрылыс (Ақтөбеде – 9, Қобдада – 10, Ойылда – 22, Мұғалжарда – 4, Темірде – 1), 232 аула мен 689 саяжай үйі су астында қалды. 17 елді мекенмен жол қатынасы бұзылды.

Өңірде барлығы 15 мың адамға арналған 86 уақытша қабылдау пункті дайындалды. 10 мыңға жуық адам, оның ішінде 4 мыңнан астам бала эвакуацияланды. 10 663 жануар қауіпсіз аймаққа көшірілді.

Бүгінгі таңда облыстың тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (картоп, көкөністер, күріш, қарақұмық жармасы, қант, өсімдік майы, ұн) мөлшері жеткілікті. Осы көлем Ақтөбе мен төтенше жағдай режимі енгізілген аудандарды кемінде 1,5 айға қамтамасыз етуге жетеді.