Ақтөбедегі экологиялық проблемалар арнайы Жол картасы арқылы шешіледі

0
63

Ақтөбе өңіріндегі экологиялық проблемалардың өзекті болуына мұндағы индустрия мен өндіріс жоғары дәрежеде әсер етіп жатыр екен.


Ақтөбедегі экологиялық проблемалар арнайы Жол картасы арқылы шешіледі

Қазақстандағы экологиялық мәселесі көп өңірлердің бірі – Ақтөбе облысы. Сондықтан өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы жергілікті тұрғындардың талап тілегіне сай, облыс аумағындағы экологиялық ахуалды жедел түрде дұрыстауды тапсырған болатын. «Бұл жұмысты міндетті түрде соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе, халыққа зияны көп. Экология мәселесі өте өткір әрі өзекті. Сондықтан бұл мәселеге баса мән беру қажет», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.


Сондай-ақ, президентке мемлекеттік деңгейдегі экологиялық саясаттың жүзеге асу барысы баяндалып, аталған салаға осы онжылдықтың соңына дейін 230 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылатыны мәлім болған. Бұл саясаттың игілігін ақтөбеліктер көріп те үлгерген. Атап өтсек, саяси бағдарлама аясында өңірдегі ферроқорытпа өндіріс орнындағы балқыту бөлімдерін жаңарту жұмыстары атқарылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң көп уақыт өтпей-ақ, облыс әкімі өңірдегі экологиялық проблемаларды жедел шешу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Облысс әкімі сондай-ақ аталған бағыттағы мәселелерді шешу мақсатында қоғам белсенділері, сарапшылар мен жауапты мамандар бірлесе отырып жол картасын әзірлегенін айтты. Бұл жол картасы алдағы үш жыл бойы жүзеге асырылмақ.


Сонымен қатар, облыс басшысы басым бөлігі тоз-тоз болған кәріз суын тазалау жүйесінің қондырғылары жаңартылатынын, құны 53 миллиард теңгеден асатын жобаны еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырады екен. Қазіргі уақытта аталған жобаның құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптама оң қорытынды беріп қойған. Биыл құрылыс жұмыстары қарқын алатын болады.


Осы орайда, үш жылдық Жол картасына тереңірек тоқталып өткенді жөн көрдік. Жалпы, Ақтөбе өңіріндегі экологиялық проблемалардың өзекті болуына мұндағы индустрия мен өндіріс жоғары дәрежеде әсер етіп жатыр екен. Сол себепті «Ақтөбе облысының 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасы» арнайы жасалған. Жол картасындағы жоспарды жауапты министрлік пен облыс басшылығы тексеріп, келісім берген. Сәйкесінше, үш жыл ішінде Жол картасындағы қырық төрт жоба жүзеге асырылмақ. Оның он жетісі жергілікті бюджет қаражатын талап етеді екен.


Сондай-ақ, өңір аумағындағы ірі кен орны «Көкжиде» нысаны жер астындағы суларға зиян тигізіп жатқан көрінеді. Себебі, мұндағы бес бірдей табиғи ресурсты пайдаланушы мекеме көмірсутекті зерттеу және шығаруды іске асырып келеді. Осыған орай, бүгінгі таңда мұндағы ауқымды өндіріс орындарының жұмысы алдағы 7-8 жылдың ішінде тоқтатылмақ.


Дегенмен, облыс әкімі батыл баяндама жасап, аталған мәселелерді алдағы үшн-ақ жылдың ішінде шешуге болатынын айтты. Ол үшін сөзден іске кірісіп, экологиялық проблемаларды кейінге ысырмау қажет.


Айта кетсек, өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге бірнеше жылдан бері айрықша назар аударылып келе жатыр. Оның бір дәлелі осыдан төрт жыл бұрын Ақтөбе өңіріндегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағыттарған «Жол картасының» бекітілуі. Осы жоба аясында жоғарыда аталған ферроқорытпа зауытының газ бөлу жүйелері жаңғыртылып, табиғатқа шығатын шығарындылар көлемі толықтай дерлік азайған. Одан бөлек, хром қоспалары фабрикасында заманауи сүзгілер орнатылып, атмосфераға шығатын зиянды заттардың көлемі 63 пайызға төмендеген болаты. Сонымен бірге өңірдегі жылу орталығында турбиналы жабдықтар орнатылып, азот шығарындылары кеміген. Өзге де өндіріс орындарымен келісім жасалып, табиғатқа тигізетін зиянды азайту жұмыстары атқарылған.


Бұл бағыттағы жұмыстар одан кейін де жалғасын тауып, облыс аумағындағы өнеркәсіп орындарының қоқысын қабылдайтын жиырмаға жуық полигонның жұмысы бақылауға алынған. Себебі, бұл полигондарды қайта жаңғырту экологиялық тұрғыдан өте маңызды проблема болып саналатын.


Оған қоса, былтыр Үкімет басшысы да өңірге арнайы іссапар асап, экологияға кері әсерін тигізіп отырған кәріз тазалау нысанымен танысып, маңызы басым объектіні жаңғырту керектігін айтқан. Сонымен бірге, осы сапар аясында облыс басшылығы өңірдегі халықтың ауаға таралып жатқан күкірт сутегінен де зардап шегіп жатқанын айтып, аталған нысанды жаңғырту осы мәселені шешуге ықпал ететінін жеткізген еді. Өз кезегінде Үкімет басшысы облыс орталығындағы жағымсыз иістер ірі өндіріс орындары шығаратын қалдықтардан пайда болып жатқанын айтып, қоқыс шығару қызметін реттеуді тапсырған. Сәйкесінше, аталған проблемаларды жою жұмыстары Үкіметтің жіті бақылауында болатынын мәлім еткен.


Биылғы жылдың басында мәлім болғандай, алдағы бес жыл ішінде Ақтөбе облысы аумағында жиырмадан астам су қоймасы салынбақ. Оның жетеуінің құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптама тарапынан мақұлданған. Бұл нысандардың құрылысы келер жылы басталуы тиіс. Осы орайда, облыс басшылығы жер үстіндегі су қорын молайтуды көздеп отырғанын айта кету керек. Бұл тұрғыда 2029 жылға дейін жиырма екі су жинағышы салынып, нысандар суды сақтап қалуға ықпал етпек. Нәтижесінде, барлық қоймаға 491,62 миллион текше метрге жуық су жиналып, суармалы жерлер көлемі 50 мың гектарға жуық ауқымда кеңейтілмек.


Ақтөбе облысындағы табиғи жағдайға қатысты соңғы жаңалық су тасқыны екендігі күллі қазақ жұртына мәлім. Бүгінгі күнге дейін өңірдегі 10-нан аса өзен арнасынан асып, Ақтөбе қаласы мен бес ауданда төтенше жағдай орын алып отыр. Қарғын су салдарынан 760-тан аса үй, оннан аса әлеуметтік объект, 200-ге жуық аула зақымданған. Жеті мыңға жуық адам эвакуацияланып, жеті мың бастан аса мал қауіпсіз жерге айдалған. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан үй-жайы суға кеткен азаматтар үшін баспана салынып, мүлік шығыны өтелетін болып шешілді.

Сондай-ақ, алдағы уақытта жағдай реттелген соң облыс орталығында тазалық айлығы жарияланып, қала аумағы түрлі қоқыстан тазартылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстардың өңір экологиясына тиімді әсер берері сөзсіз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ