Алматы әкімдігі 90-жылдардағы ескі ғимаратқа көшірілді

0
524

Әкімшілік өртеніп кеткен әкімдік ғимараты толық қалпына келтірілгенге дейін ескі ғимаратта қалады.


Алматы әкімдігі 90-жылдардағы ескі ғимаратқа көшірілді

ERNUR.KZ. Алматы әкімдігі 90-жылдары көшіп кеткен ғимаратқа оралды, деп жазады Tengrinews.kz.

Алматылық шенеуніктер бұрынғы ғимаратқа көшіп жатыр. Әкімшілік өртеніп кеткен әкімдік ғимараты толық қалпына келтірілгенге дейін ескі ғимаратта қалады. Әкімдіктің ескі ғимаратында жедел штаб, Бақытжан Сағынтаев пен орынбасарларының кабинеті орналасқан.

11 қаңтарда Бақытжан Сағынтаев жаппай тәртіпсіздіктерден кейін алғаш рет шенеуніктермен кеңейтілген кеңес өткізді. Қала әкімдігі қаланы қалай ретке келтіруге болатынын шешті.

Алматының коммуналдық қызметтері екінші тәулік шұғыл режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір барлық күш аялдамаларды жөндеуге, тас жиектер мен жолақтарды қалпына келтіруге жұмсалды. Телеарна қала біртіндеп бұрынғы өміріне қайта оралып жатқанын, сауда орталықтары, ХҚКО ашылғанын, қоғамдық көлік толық іске қосылғанын хабарлады.

"Осы уақыт ішінде қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі үзіліссіз жұмыс істегенін айтқым келеді. Халықты штаттық режимде сумен, кәріз желісі және газбен қамтамасыз ету, жылу беру бойынша қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, қаладағы азық-түлік мәселесі жолға қойылды", - деді Алматы әкімі.

Телеарна мәліметінше, қар жаууы үлкен мәселе туындатуы мүмкін. Коменданттық сағаттың салдарынан коммуналдық қызметкерлер түнде тазалауға шыға алмайды, ал билік оның орнына басқа нұсқа іздестіріп жатыр.

11 қаңтардан бастап Алматыда Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды, олардың жұмыс кестесі қысқарды. Қазір мекеме қызметкерлері азаматтарды таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін қабылдайды. Сондай-ақ, Қазақстан қор биржасы жұмысын қайта бастады.

Біртіндеп қалада сауда орталықтары ашылып жатыр. Шенеуніктердің айтуынша, алты ірі сауда орталығы бұрынғы жұмыс режиміне оралады. Ертең оларға басқа сауда үйлері қосылады. Дегенмен кейбір сауда алаңдары төтенше жағдай режимі аяқталған соң, яғни 19 қаңтардан кейін іске қосылуы мүмкін.

Тонаушылардан зардап шеккен кәсіпкерлер шығын мөлшерін есептеуде. Қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкерлер қалпына келтіру жұмыстары қаншалықты ұзаққа созылатынын білмейді.