Алматы әуежайында таксидің шекті тарифі белгіленді

0
1 933

Әуежай аумағында такси бағалары көрсетілген тиісті стендтер ілінген.


Алматы әуежайында таксидің шекті тарифі белгіленді

ERNUR.KZ. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының жанындағы туризм кеңесі қала әуежайындағы такси қызметтерінің құнына талдау жүргізді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде палата төрағасының міндетін атқарушы Нариман Ибрагимов жосықсыз такси жүргізушілер мәселесі реттелгенін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Спикер салалық комитетпен тарифтер ұсынылып, әуежай аумағында такси бағалары көрсетілген тиісті стендтер ілінгенін атап өтті.

«Туристік маусым басында, екі апта ішінде жұмыс тобы таксиге тапсырыс беру қызметтерін ұсынатын AparuTaxi, Region, Yandex Taxi, Uber, Blue Sky Energy құнын талдап, сапардың орташа бағасы есептелді. Жолаушыларды тасымалдау тарифтері бастапқы және баратын пунктке дейін қашықтыққа әрі такси санатына байланысты 1 200-ден 12 000 теңгеге дейін өзгереді. Ең жоғары құны әуежай терминалынан Шымбұлақ тау шаңғысы курортына дейінгі таксидің премиум-сегментінде көрсетіледі», - деді ол. Алматы қаласының туризм жөніндегі кеңесі құрамына Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының, Авиациялық көлік прокуратурасының, Алматы қаласы туризм басқармасының, Алматы қаласы халықаралық әуежайының, Түрксіб ауданы ІІБ ЖПҚ, Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің, Алматы қаласы ІІД-нің, Қазақстандық туристік қауымдастықтың, Алматы қалалық ТЖК өңірлік палатасының өкілдері енді.

Бұған дейін Алматыда шетел азаматтарын әуежайдан қонақ үйге дейін 800 долларға жеткізген такси жүргізушісі жазаланғаны туралы жазған болатынбыз.

Сондай-ақ көктемде Ресей Федерациясының азаматын әуежайдан Марков көшесіне дейін 400 еуроға жеткізген такси жүргізушісіне де айыппұл салынған еді.