Алматы облысында бақаны заңсыз аулағандар ұсталды

0
978

Табиғатты қорғау заңнамасы аясында ұйымдастырылған рейд барысында ұсталғандардан 11 Сібір бақасы табылып, тәркіленді.


Алматы облысында бақаны заңсыз аулағандар ұсталды

Алматы облысында тәртіп сақшылары «Охотзоопром» қызметкерлерімен бірлесе отырып, сирек кездесетін қосмекенділерді заңсыз аулаған Ұйғыр ауданының екі тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Табиғатты қорғау заңнамасы аясында ұйымдастырылған рейд барысында ұсталғандардан 11 Сібір бақасы табылып, тәркіленді. Қосмекенділердің осы түрі жойылып кету қарсаңында тұрғандықтан, мемлекеттің ерекше қорғауына алынған.

«Қазіргі ұстау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Ауланған бақалар шынымен қосмекенділердің сирек кездесетін түріне жата ма, жоқ па - соны анықтау үшін тиісті сараптамалар белгіленді. Сараптама қорытындыларына қарай процестік шешім қабылданады», - дейді полицейлер.

Анықталуынша, қосмекенділердің осы түрі халықтық медицинада дәрі жасау үшін ауланады екен.