Алматыда мектеп директорларын сан соқтырған алаяқ ұсталды

0
702

Ол өзін "мемлекеттік органның қызметкерімін" деп таныстырған.


Алматыда мектеп директорларын сан соқтырған алаяқ ұсталды

ERNUR.KZ. Алматы қаласында полиция жекеменшік мектеп директорларын сан соқтырған алаяқты ұстады, деп жазады zakon.kz.

ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша, 40 жастағы ер адам Алматыдағы жеке мектептердің директорларына қоңырау шалып, өзін мемлекеттік органдардың бірінің қызметкері ретінде таныстырып, алдағы уақытта жеке білім беру ордаларындағы проблемалар бойынша жиын өтетіндігін хабарлаған.
Одан соң қоңырау шалушы жекеменшік мектеп басшыларын бұл жиынға міндетті түрде қатысуын талап етіп, авиабилеттер сатып алу үшін өзінің электронды шотына қаражат аударуды сұраған. Ол бұл шығын Нұр-Сұлтан қаласына келгенде бюджеттен өтеп берілетінін айтып, уәде еткен. Ал ақшаны алғаннан соң ол ұялы телефонын өшіре салады.
- Елордада жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды. Бұрын ол осыған ұқсас фактілер бойынша бірнеше рет сотталған. Бүгінгі таңда оның Алматы қаласындағы осындай төрт оқиғаға қатысы бар екендігі дәлелденді. Зардап шегушілер одан да көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Осыған байланысты бұл адамның қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтар болса, Алматы қаласындағы полиция департаментіне хабарласуларыңызды сұраймыз. Қазір ұсталған адам қамауда, - деді қалалық ДП Криминалды полиция бөлімінің бастығы Жанболат Зиадин.

Сонымен қатар, Алматы полициясы азаматтарды сақ болуға шақырады. Белгісіз адамдардан алынған кез-келген ақпаратты мұқият тексеру керек. Әсіресе, егер бұл жеке деректерді, банктік шоттар мен ақша аударымдары туралы ақпаратпен байланысты болса.