​Алматыда студенттің ажалына ұялы телефон себеп болды

0
2 180

Баланы өлтіргендердің бәрі жазаға тартылуы тиіс!


​Алматыда студенттің ажалына ұялы телефон себеп болды

сурет:gazeta.a42.ru

ERNUR.KZ. Баланы өлтіргендердің бәрі жазаға тартылуы тиіс! Алматыда құрдасының қолынан қаза тапқан колледж студенті Дастан Мұсаханның анасы ұлын бір адам өлтірді дегенге сенбейді. Кінәлілердің бәрі бостандықта жүр дейді ол. Динара Ыдырысованың айтуынша, курстастар арасындағы ерегіс телефонды старостаның тартып алуынан басталған. Содан шыққан кикілжің адам өлімімен аяқталыпты, деп жазады ktk.kz.

- Баламды маған кім қайтарып береді? Мен оны білім алсын деп жібердім колледжге. Баламды біреу ұрып өлтірсін деп тапқан жоқпын.

Ұлынан айырылған ананың зары еріксіз сай-сүйегіңді сырқыратады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Динара Ыдырысова тек суретке үңіліп сағынышымды басамын дейді. Азалы жанның айтуынша, баласы сол күні әдеттегідей сабаққа аттанған. Түстен кейін оқу ордасынан қоңырау шалып, ұлының талып қалғанын жеткізіпті.

Динара Ыдырысова, марқұмның анасы:

- Күйеуіміз екеуміз бірге бардық. Барғанда бала өліп жатты. Бізді жақындатпады, кіргізбеді, көрсетпеді. Артынан бәрі біткеннен кейін кіргізіп көрсетті. Баламыздың бетін ғана көріп үлгердік.

Марқұм Дастан Мұсахан биыл 9-шы сыныптан соң Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжіне түсіпті. Анасының айтуынша, сабақ үстінде староста ұлының қолындағы телефонын тартып алады. Кейін сыртқа шығып қайтарып алмақ болғанда бір топта оқитын студенттер арасында кикілжің басталған көрінеді.

- Қайғылы оқиға колледж ауласының түбінде, дәл осы жерде болған. Алғашында марқұмның жанындағы студенттер оның құлап қалғанын айтыпты. Кейін тергеу барысында соққыға жығылғаны анықталған. Бірақ жанары жасқа шыланған ана баламның өліміне бірнеше адамның қатысы бар дейді.

Динара Ыдырысова, марқұмның анасы:

- Тек бір бала ғана мойнына алып тұрған. Мен бұған сенбеймін. Себебі, қасындағы екі баланың қатысы бар деп ойлаймын. Сараптаманың қортындысында басына қан құйылған деп жазылған. Яғни ауыр затпен соққы жасалған.

Динара Ыдырысованың айтуынша, ауыр соққыдан ұлының денесінде сау-тамтық қалмаған. Ал, қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан колледж басшылығы зар илеген ананы сабырға шақырумен болды.

- Сабыр сақтаңызшы, апай. Қайтіп сабыр сақтаймын, менің балам о дүниеде жатыр. Кінәлілер сайраңдап сабақта жүр.

Колледж қызметкерлері кәмелет жасына толмаған күдіктінің бүгін де сабақта болғанын растады. Бірақ полицейлердің мәліметі мүлдем басқа.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:

- Сезіктіні уақытша оқшаулау абақтысына қамауға шешім қабылданған болатын. Қазіргі уақытта тергеу амалдары әлі де жалғасу үстінде. Іс материалдарына сүйенетін болсақ, қылмыс жасаған азаматтың кінәсі толыққанды дәлелденуде.

Күдіктіге «абайсызда кісі өлтірді» деген айып тағылған. Алайда қара жамылған отбасы 2 ай бойы сергелдеңге салған тергеу амалдарына сенбейтінін айтып, кінәлі сытылып кете ме деп қауіптенеді.