Альпинист Аяз ата балалар ауруханасының пациенттеріне ерекше қуаныш сыйлады

0
866

​Акция денсаулығына байланысты Жаңа жылды ауруханада қарсы алуға мәжбүр болған балалар үшін ғажайып оқиға болды.


Альпинист Аяз ата балалар ауруханасының пациенттеріне ерекше қуаныш сыйлады

Фото: ҚР ҚМ

ERNUR.KZ. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары, "Киров" әскери-патриоттық клубы және полковник Борис Керімбаев атындағы № 95 жалпы білім беретін мектептің тәрбиеленушілері Алматы қаласының 2-ші қалалық балалар ауруханасында болып, балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады, деп жазады inbusiness.kz.


Болашақ офицерлер мен "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері төрт бөлімшені аралап, жүзден астам балаға қуаныш сыйлады. Олардың мерекелік іс-шараны ұйымдастыруға шығармашылықпен келгені байқалып тұрды. Балалар жатқан палатаға альпинист Аяз ата терезеден түсіп таң қалдырды. Аяз атаның рөлін бес жыл альпинизммен айналысқан "Киров" әскери-патриоттық клубының түлегі Мұхит Тұрдықұлов ойнады.

"Жаңа жыл қарсаңында балалар ауруханасына бару институт басшылығы мен курсанттар үшін қалыптасқан дәстүр деуге болады. Біз балалардың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, өзіміз де демалып қалдық. Бұл қуаныш олардың тез сауығып кетуіне сеп болады деп үміттенеміз", – дейді курсант Нұрбек Бердіш.


Акция денсаулығына байланысты Жаңа жылды ауруханада қарсы алуға мәжбүр болған балалар үшін ғажайып оқиға болды. Балалармен бірге ата-аналар да, медицина қызметкерлері де қуанып қалды. Қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылар әр баланың тезірек сауығып кетуін тілеп, Жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті. Құттықтауларды қуана қабылдаған балалар да ән айтып, өлең оқып берді.