Әскерге шақырылған маңғыстаулық сарбаз төрт күннен кейін қайтыс болды

0
959

Қазіргі кезде сарбаздың өлімі бойынша тергеу шаралары басталды.


Әскерге шақырылған маңғыстаулық сарбаз төрт күннен кейін қайтыс болды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөлімде мерзімді әскери қызметке шақырылған Әлібек Қалбай қайтыс болды, деп жазады sputnik.kz

18 жастағы сарбаз Маңғыстаудан шақырылып, осыдан бес күн бұрын Қордайдағы әскери бөлімге барған.
"Таңертең сапқа тұру кезінде сарбаз есінен танып қалды. Оған медициналық көмек көрсетілді. Алайда ол есін жимастан қайтыс болды", - делінген ресми хабарламада.
Әлібектің туыстары министрліктің мәлімдемесіне сенбей отыр. Жас жігітті соққыға жықты деп санайды. Әлібектің өзі әскерге барғысы келмеген. 13 сәуірде әскерге шақырып, медициналық тексерістен өткізген. Сөйтіп, 18 сәуірде әскери борышын өтеуге жіберді.
"Оны бастан бірнеше рет ұрған. Іздері де қалды. Әскерде балаларымыздың өлімі тыйылмай жатыр. Оларды ұрады. Бүкіл Қазақстан осыны білуі керек. Әлібек әскерге барғысы келмеген. Бірақ оны жұмысқа дейін іздеп барыпты, айыппұл саламыз деп қорқытқан..." – деді марқұмның туысы Динара Тілесова InAktau порталына берген сұхбатында.
Қазіргі кезде сарбаздың өлімі бойынша тергеу шаралары басталды. Осымен биыл Жамбыл облысында екінші сарбаз қайтыс болып отыр. 2 наурызда қатардағы жауынгер Ұлықбек Бердішов із-түзсіз жоғалған болатын.
10 сәуірде оның денесі Қырғызстан жерінде табылды. Ол әскери борышын "Аңдас батыр" шекара бөлімінде өтеп жүрген.