"Астана аруы-2018" жеңімпазы белгілі болды

0
1 437

Сұлулық байқауының ақтық сынын әнші Бүркіт, тележүргізушілер Динара Сәтжан мен Нұрсұлтан Құрман жүргізді.


ERNUR.KZ. "Астана аруы-2018" сұлулық байқауының жеңімпазы 17 жастағы Еркеназ Сейфолла атанды, деп жазады sputniknews.kz.

Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған байқаудың әділ қазылары: "Қазақстан аруы" конкурсының директоры Алена Ривлина-Қырбасова, дизайнер Зарина Ақшолақова, фотограф Данил Потапов-Поличинский, әнші әрі композитор Ерлан Көкеев, бокстан олимпиада чемпионы, мәжіліс депутаты Серік Сәпиев. Әділ қазылар төрайымы - Ырза Тұрсынзада.

Сұлулық байқауының ақтық сынын әнші Бүркіт, тележүргізушілер Динара Сәтжан мен Нұрсұлтан Құрман жүргізді.

Конкурс бірнеше кезеңнен тұрған, қыздар тіл байлығын, сахнада өзін ұстауын көрсетіп, бір-бірінен ерекшеленуге тырысты. Алғашқы нөмірде арулар мемлекеттік ту түстес ұлттық көйлектер киіп, Бүркіттің "Мекенім Қазақстан" әнімен сахнаға шықты. Содан соң 20 сұлу видео-визитка арқылы өздерін таныстырып, отбасылық құндылықтары туралы айтты.

Nomad city hall сахнасындағы қатысушылардың келесі қойылымы Vox Acapella тобының сүйемелдеуімен болды. Әннің ырғағымен қыздар күнделікті киіммен әдемі болып жүрудің үлгісін көрсетті. Әрі қарай "Дарындар шоуында" аруларымыз би билеп, ән айтып, өлең оқып, үздік қырларынан танылуға тырысқан.
Ақтық сында 20 қатысушы сахнаға кешкі көйлектермен шықты.

Содан соң елордалық байқауының гранд-финалына жеті ару өтті. Конкурстың бұл кезеңі өте тартысты болған сияқты. Әділ қазылар 20 минут бойы құпия бөлмеде финалистерді таңдады.

Үздік жетілік қатарында: технология және бизнес университетінің 17 жастағы студенті Еркеназ Сейфолла, "Наз" мемлекеттік би театры қызметкері 22 жастағы Александра Беглова, ММУ филиалының 19 жастағы студенті Влада Белая, 21 жастағы Сәния Мерғалиева, экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің 22 жастағы студенті Әсел Абдолова, 20 жастағы бизнес-леди Мадина Амандықова және ҚазМЗУ-дың 22 жастағы түлегі Диана Ыдырысова.

Конкурстың соңғы кезеңі интеллектуалдық сайыс түрінде өтіп, гранд-финал қатысушылары Астананы не үшін жақсы көретіндерімен бөлісіп, елордадағы сүйікті жерлері туралы айтты.
Жеңімпаз Еуропаның үш елінің сегіз қаласына саяхат жасауға екі адамға тур ұтып алды. Сонымен қатар сұлулық конкурсы жеңімпазы "Қазақстан аруында" Астана намысын қорғайды.