​Атырауда 7 мыңнан астам​ адам жұмыспен қамтылады

0
601

"Карантинді сылтауратуды қойып, жұмыс істеу керек" дейді облыс әкімі.


​Атырауда 7 мыңнан астам​ адам жұмыспен қамтылады

Атырауда 7 113 адам жұмыспен қамтылады. Олар 63 жобаның аясында жұмыс істейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен Атырау облысында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы туралы жиында белгілі болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке төтенше жағдай режимінен кейін әсіресе, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуды тапсырған болатын.

Осы ретте Атырау облысында 63 жоба аясында 7 113 жұмыс орындарын құру жспарланып отыр.
«Жұмыс орындарының кемінде 50 пайызы жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы, жұмыссыздарға ұсынылуы тиіс. Осы мақсатта биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында 35 млрд. 308 млн. қаражат бөлініп отыр», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Аталған бағдарлама аясында тек Атырау қаласының шеңберінде 17 инфрақұрылымдық жоба іске қосылады. Нәтижесінде 2028 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде, 1043 орын Жұмыспен қамту орталығы арқылы, жұмыссыздарға ұсынылады.

«Бұған дейінгі енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты мердігер мекемелер өз жұмыстарына енді кіріскелі отыр. Көзделген қаражаттың жалпы көлемінің кемінде 90 пайызын отандық өндірушілерден тауар сатып алуға жұмсауды жоспарлап отырмыз», — деді жиын барысында баяндама жасаған облыстың Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидоллаұлы.

Жиын барысында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуы тиіс жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отырған бірқатар жауапты лауазымдыларды сынға алды.

«Карантинді сылтауратуды қойып, жұмыс істеу керек. Басты мақсатымыз - аймақтағы жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу. Қосымша жұмыс орындарын ашып, оларды барынша тұрақты жұмыс орындарына айналдыру арқылы әр отбасының табыс көзін қамтамасыз ету», — деген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тұрақты жұмыс көздерін ашып, бөлінген қаражатты мақсатты және уақтылы игеруді тапсырды.