Атырауда үш адамның өліміне себепкер болған Түркия азаматы 5 жылға сотталды

0
174

Сот үкімі заңды күшіне енді.


Атырауда үш адамның өліміне себепкер болған Түркия азаматы 5 жылға сотталды

ERNUR.KZ. Атырау облысында Түркияның азаматы жол-көлік оқиғасын жасап, үш адамның өліміне себепкер болған. Сот оған 7 жылға көлік жүргізу құқығынан, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Түркия Республикасының азаматы Махамбет ауданындық сотының үкімімен сотталған. Алайда, сотталушының қорғаушысы сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында Түркия Республикасының азаматы Д.-ға қатысты үкім апелляциялық тәртіпте қаралды.

«Бірінші сатыдағы сот үкімімен Д. жол жүрісі және көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзып, абайсызда үш адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекеті үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Іс апелляцияда сотталған Д.-ның қорғаушысының апелляциялық шағымы бойынша қаралды. Қорғаушы сотталушыға тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұрады», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Бірінші сатыдағы соттың сотталушыға жаза кінәні мойындау туралы процестік келісім негізінде тағайындалғанын, процестік келісімнің негізділігі тексерілді. Алқа мүшелері тағайындалған жаза мерзімін төмендетуге немесе жеңілдетуге негіз жоқ деген қорытынды жасады.

«Сот алқасы сотталушының жеке басын зерделеп, оның жасаған қылмысының сипаты мен дәрежесін, қылмыстың зардабы үш адамның өліміне әкеп соққанын ескерді. Бірінші сатыдағы сотпен оған жеке басына, жасаған әрекетіне сай заң шеңберіндегі жаза тағайындалған деген тұжырымға келді. Сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіздер анықталмады. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енді.