Ауыл әкімі сайлауына кімдер қатыса алады?

0
981

Алдағы күз мезгілінде елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді.


Ауыл әкімі сайлауына кімдер қатыса алады?

ERNUR.KZ. Ауыл әкімі сайлауына кімдер қатыса алады? Осы және басқа да сұрақтар бойыншша ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин айтты, деп жазады baq.kz.

Айта кетсек, Президенттің бастамасымен сайлау туралы заңға түзетулер енгізілді, соның нәтижесінде биылдан бастап ауыл әкімдері тікелей сайлаумен анықталатын болды.

Мәлік Мырзалиннің айтуынша, сайлауда жеңіп шыққан әкім халықтың қолдауына ие болу үшін барын салып қызмет ететін болады.

Бұрын ауыл әкімдерін жергілікті Мәслихат депутаттары тағайындайтын. Енді әкімдерді халық тікелей сайлау арқылы таңдайды. Бұл жағдайда әкім тұрғындардың қолдауына мәжбүр болады, яғни оның қызметіне деген жауапкершілік арта түседі, - дейді ол.

Сонымен қатар ол әкім сайлауына кімдер қатыса алатынын айтып берді.

Әкім сайлауына мемлекеттік қызмет туралы заң талаптарына сәйкес келетін 25 жасқа толған ел азаматтары қатыса алады. Әкім ауылдың инфрақұрылымын жақсартуды, ауыл шаруашылық ісінің жандануын, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын тұрғындарды анықтап, оның жағдайын жақсарту бойынша жоғары жаққа ұсыныстар айтуы керек. Оған қоса салық жинау, халықты жұмыспен қамту және тағы басқа міндеттерді атқарады. Үміткердің бойында осындай жұмыстарды атқара алатындай қабілеті болу керек, - дейді Мырзалин.

Сондай-ақ ол бір адам ауыл әкімі болып екі рет қана сайлана алатынын айтты. Егер үміткерлер саны екеуден аспаса, аудан әкімдігі өзі жөн деп тапқан адамды үміткер етіп ұсына алады екен. Бұл жағдайда ол жергілікті қауымдастықпен келісу керек, яғни сол елді мекеннің тұрғындарымен ақылдаса отырып өзі жөн деп тапқан адамды ұсына алады. Сонымен қатар егер сайланған әкім тұрғындардың қажеттігін орындай алмай жатса, тұрғындар жиналыс өткізіп, оны ауыстыру жөнінде шешім шығара алады екен.

Мәлік Мырзалин сөз арасында ауыл әкімдерін сайлауға бөлінетін 17 млрд теңгенің қайда жұмсалатынын түсіндірді.

Ауыл әкімдері сайлауын өткізуге бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген, алайда ол бес жылға есептеліп беріліп отыр. Оған қоса бұл қаражаттың 80%-ы сайлау комиссиясының еңбекақысына жұмасалады. Яғни сайлау өтетін ауыл тұрғындарына жұмсалады. Қалған қаражат үгіт-насихат жұмысына, қажетті заттар алуға бағытталған, - деді ол.

Оның айтуынша, ауыл әкімдерін сайлау алдағы шілде айының соңында басталады. Өйткені 700-ден астам әкімнің өкілеттілігі тамыз айында аяқталатын көрінеді.

Ал 2024 жылдан бастап аудан әкімдерінің сайлауы өткізілмек. Оған қазірден дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.