Басын шайқай берді – Президент кездесуінен кейін Жаманқұлов сұқбат берді

0
866

Біздегі ұлттық театрларда ең үлкен айлық 35-40 мың теңге төңірегінде, келетін жастар тіпті 20 мың теңгеге жұмыс істеуге мәжбүр.


Басын шайқай берді – Президент кездесуінен кейін Жаманқұлов сұқбат берді

ERNUR.KZ. Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Әуезов атындағы драма театрының актері, Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, ғылым кандидаты Тұңғышбай Жаманқұлов жуырда ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып қайтты.

Ол кездесудің қалай өткені және онда қандай мәселелер сөз болғаны туралы Zakon.kz тілшісі атақты актерден сұқбат алған.

– Қалыңыз қалай, денсаулығыңыз қалай?

– Аллаға шүкір, бәрі дұрыс!

– Астанаға қалай барып-қайттыңыз?

– Астанаға түнде барып, түсте қайттық, дегендей...

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сізді қалай қабылдады?

– Өте жылы қабылдады. Ол өзі дегдар, өте мәдениетті адам екен. Дипломат. Үлкен саяси қайраткер. Мені жылы қабылдап, мұқият тыңдады. Өзі шынайы, өнерге жанашыр адам екені көрініп тұрды. Өнерде бәрі дұрыс болғанын тілейтін адам екені бірден байқалып тұрды.

– Сіз ол кісіге не айттыңыз?

– Мен Қазақстандағы театрлардың, шығармашылық топтардың әлеуметтік жағдайынан, ішкі өмірінен сыр шерттім. Сөйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз деген өтірік, үстірт ақпарат емес, шынайы ақпаратты барынша шынайы хабардар еттім. Қысқаша, бос сөздерге бармай бәрін айтып бердім. Актерлік шеберліктің, режиссураның кемшін тұстары барын айттым. Бізде бірлі-екілі жақсы режиссерлер бар, дегенмен де, жалпы театрларда мамандардың жетіспейтіні, актерлердің өз өнеріне үстірт қарайтындығын сөз еттім. Жер-жерлердегі театрларда басшылардың театрларға жәй әншейін қарап, тек мерекелік кездерде ғана еске алатыны бар. Сахналардағы болып жатқан шынайы шығармашылық оқиғаларға елең ететін әрекеттердің болмай жатқанын айттым. Арқадан қағу жоқ. Айлық аз. Әп-бәрекелді деп жатқан ешкім жоқ. Өрелі, білімді мамандар аз. Бұл сын айту деген жат та кеп сынай беру емес, біздікі спектакльдерді таза шығармашылық талдау. Президент мұның бәрін ұйып тыңдады.

– Президент қандай реакция танытты?

– Айлық өте аз дедім. Ол кісі театр жұмысшыларының жалақысы қандай екенін естігенде, басын шайқап, тіпті үнжырғасы түсіп кетті. Жаман жағдайға түсті. Біздегі ұлттық театрларда ең үлкен айлық 35-40 мың теңге төңірегінде, келетін жастар тіпті 20 мың теңгеге жұмыс істеуге мәжбүр.

– Уәде берді ме?

– Уәде бергені сол, мәдениет министрлігіне тапсырма беретінін айтты. Театр ұжымдарының шығармашылық өрелерін ынталандыру, мүмкіндіктерін арттыру, қоғамдағы орнын, әлеуметтік жағдайын көтеру керек дегенді айтты. Қазақстан театр қайраткерлерінің одағы бұл шенеуніктер мекемесі емес, мемлекеттік мекеме емес, қоғамдық ұйым. Бұл профсоюз, кәсіподақ та емес, бұл – шығармашылық ұйым. Яғни, әрбір театрдың сахнасындағы шығармашылық өренің, режиссура, актерлік ойынның, тіпті театр сынының жағдайын көтерудің қамымен жүретін кедей-жомарт адамдармыз. Соны жан-жақтан мамандарды шақырып, актерлермен кездестіріп, режиссерлерді оқуға жіберіп, әлемдік театрлардың жарқыраған жұлдыздарымен кездесу, оқулар ұйымдастырудың еш сөкеттігі жоқ.

– Жаңылмасам, сіз шартты түрде қамаудасыз ғой, Астанаға баруға рұқсатты қалай алдыңыз?

– Иә, маған шартты түрде жаза қолданған. Бірақ маған тек шетелге шығуға болмайды. Ал Қазақстанның ішінде еркін жүруіме болады, тек баратын жерімді ескертіп, айтып кетем. Астанаға қандай мақсатпен бара жатырсың дейді, осындай-осындай, шығармашылық жұмыстармен деймін. Ол жағынан шектеу жоқ енді.

– Қазір киноларға түсіп жатқан жоқсыз ба?

– Қазір ешқандай киноға түсіп жатқан жоқпын, өйткені бұрынғы министр мені киноға түсіруге тыйым салған. Режиссерлерді қорқытып қойған. Егер Жамақұловты киноға түсірсең, сенің киноң экранға, прокатқа шықпайды деп қойған. Ащы шындығы осы.

– Министр ауысып кетті емес пе? Болды ғой?

– Ескі министрдің іздері әлі сайрап жатыр ғой. Ол министрдің ықпалы әлі бар. Оның үстіне, қазіргі министр әйел адам. Бұрынғы министр аспанға ұшып кеткен жоқ. Әлі де жүр. Әй, не істеп жатсың деп әлі де көп жерлерге барып, звондап, жағдайды бақылап отыр емес пе? Министр кеше ғана кетті ғой енді, жағдай өзгерер деп ойлаймын. Басқа не дейін?! Бұрынғы министр жасап тастаған кедергілер, кереғар шешімдері әзірге әлі де алдымыздан шығып отыр.