"Бес еркек жабылып зорламақ болған": Алматы облысында қызды алып қашқандар жазасыз қалды

0
632

Оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп, қыз бірнеше рет түсініктеме берген.


ERNUR.KZ. Оқиға куәгерлері қыз ұрлаған күдіктіге қатысты қылмыстық істің жабылуына наразылық білдірді, деп жазады Stan.kz.

Әлеуметтік желіде Рамазан Асилов есімді қолданушы 27 шілде күні өзі куә болған қыз ұрлығын қайта көтерді.

Алматыда қызды еркінен тыс алып қашу дерегі тіркелді. Артынша бұл оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп қыз бірнеше рет түсініктеме берген.

Қызды ұрлағандар да бірнеше рет кешірім сұрап, шағымды кері алуға өтініш жасаған. Тіпті қызды көндіруге құзіретті органдар да атсалысқан көрінеді. Артынша жағдай түзелмегеннен кейін ұрлықшылар қыздың бауырымен төбелесіп, бауырының үстінен арыз жазған. Осылайша қызды арызын кері алсын деп бопсалаған.

Іс әскери тергеу мекемесіне берілгенімен, ары қарай ешқандай шаралар қолданылмапты. Артынша іс қайтадан Алатау аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылғанымен, құжатта ұрлауды ұйымдастырған әскери адам екені айтылмаған.


"27 шілдеде Құлжа тас жолында 5 ер адам қызды ұрлап,зорламақ болған. Куәгер полицияға 8 рет хабарласып, оқиғаның қай жерде болып жатқанын әрең түсіндіріпті. Қызды алып кетіп, киімін жыртып, полиция хабарласқаннан кейін ғана жіберген", - деп жазды Айжан Хамит.


Бас прокуратура, әскери прокуратураға хат жазған кезде істің прокурор тарапынан тоқтатылғаны анықталған. Алайда қыздың өзі бұдан хабардар емес еді. Осылайша адам ұрлау бабы бойына ашылған қылмыстық іс аяқсыз қалды.

Оқиғаға қатысты Алматы облысты полиция департаменті түсініктеме берді. Күдікті қызды кері әкеліп, бостандыққа жібергенін алға тартты облыстық полиция басқармасы.


"Қызды ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс ҚР ҚІЖК 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес 2020 жылғы 20 қыркүйекте іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған, себебі күдікті туыстарының тойға қарсы екенін және органдарға хабарласқандарын біліп, қызды қайтадан полицияға келіп тапсырған. Яғни, оның іс-әрекетінде ҚР ҚК 26-бабында көзделген ерікті түрде бас тарту бар", - дейді облыстық полиция департаментінің баспасз қызметі.


Алайда Айжан Хамит полиция департаментінің берген түсініктемесіне көңілі толмайтынын айтты.


"Ұрлықшылар қызға өз әйелдерін жіберіп, кешірім сұратқан. Ер адам үйленгісі келген екен, бірақ артынша ойынан айнып қалып, полицияға өткізген. Қызды әкеліп тастағаннан кейін полиция қылмыстық істі тоқтатқан. Сонда олар тек қызды ұрлап кетіп, зорласа ғана қылмыстық іс қозғайды екен. Қазақстанда әйел зат сияқты зорлап, лақтырып кете бересің", - деп шағымданды Айжан Хамит.