Бұқтырма су қоймасы тартылып барады

0
1 341

​Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы Аралдың кебін киюі мүмкін.


Бұқтырма су қоймасы тартылып барады

Су деңгейі қазірдің өзінде айтарлықтай төмендеп, жағалаудағы демалыс орындары тым шалғайда қалған. Мұны көрген жұрттың үрейі ұшып отыр. Өйткені су азайып кеткендіктен аймақ тұрғындары электр жарығынсыз да қалуы мүмкін, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Бұқтырма еліміздегі ең ірі су қоймаларының бірі. Жаздың жайдарлы күндері мұнда келушілердің қатары қалың. Алексей Голубев жыл сайын су қоймасына отбасымен келіп демалуды дәстүрге айналдырған. Ал биыл су деңгейі төмендеп, жағажайдағы қонақ үйлер тым алыста қалған. Оның үстіне жағалаудың айналасын балдыр баса бастаған.

Қоймадағы су тартылса аймақ тұрғындары электр жарығынсыз да қалуы мүмкін. Себебі, таяз су Ертіс өзеніндегі Каскад су электр станциясы турбиналарының жұмысына зиян келтіреді. Бірақ мамандар жұртты сабыр сақтауға шақырып отыр.

«Өскемен су электр станциясы штаттық режимде жұмыс істейді. Өскемен су қоймасының деңгейі гидроагрегаттардың үздіксіз жұмыс істеуіне жеткілікті. Алаңдауға ешқандай себеп жоқ», - дейді "АЭС Өскемен ГЭС" және "АЭС Шүлбі ГЭС" ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Светлана Нищенко.

Қоймадағы судың тартылуы жарықпен қатар, балыққа да зиян келтіруі мүмкін дейді тұрғындар. Алайда мамандар су жәндіктеріне айтарлықтай қауіп жоқ деп отыр.

«Қазір балықтың уылдырық шашуына байланысты Бұқтырма су қоймасы ешқандай зиян келтірмейді. Зиян келу қаупі Тұранғы шығанағы ғана. Оның су қоймасынан бөлініп қалу қаупі бар. Қазір біз, инспекция қызметкерлері және ғылыми институт қызметкерлерімен мониторинг жүргізіп жатырмыз», - дейді «Зайсан - Ертіс» облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Фархат Байбазаров.

Бұқтырманың тартылып кетуіне қыста қардың аз түсуі себеп екен. Сондықтан алдағы уақытта жауын-шашын көп болса, қойма қайта толады деген үміт бар.