Дәріден уланған 2 жасар бала көз жұмды: медициналық қызмет туралы жарнамаларға бақылау жүргізу ұсынылды

0
400

Медициналық қызметпен заңсыз айналысатындарды анықтау бойынша жұмысты күшейту қажет.


Дәріден уланған 2 жасар бала көз жұмды: медициналық қызмет туралы жарнамаларға бақылау жүргізу ұсынылды

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова медициналық қызмет туралы әлеуметтік желілердегі жарнамаларға бақылау жүргізуді сұрап отыр, деп жазады inbusiness.kz.

“Өткен жылдың соңында Алматыдағы клиникада сапалы медициналық қызмет алмаған 2 жасар бала қайтыс болды. Балаға бір уақытта 22 дәрі-дәрмек пен 7 дәрі тамызғыш тағайындалған. Салдарынан ағзасы уланып, қалалық балалар ауруханасындағы жансақтау бөлімінде көз жұмды. Аталмыш медициналық мекемеде балаларға бір мезетте 40-қа дейін дәрі тағайындалатын көрінеді. Жағдайдың асқынуы, денсаулыққа аса ауыр зиян келтірудің деректері тіркеледі. Дәрігердің консультациясы 200 мың теңге тұрса, массаж курсы 400 мың теңгені құрайды, осы сияқты басқа да медициналық қызметтердің бағасы жоғары”, - деді депутат.

Сөзінше, медициналық білімі жоқ адамның өзі 22 немесе одан да көп дәріні бір уақытта қабылдау баланың ғана емес, үлкен адамның ағзасына да ауыр екенін жақсы біледі. Гүлдара Нұрымова бұл клиниканың әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрғанын баса айтты.

“Медициналық университеттерде болашақ дәрігерлерге бестен артық дәріні
тағайындамау қажеттігін үйретеді. Бұдан басқа жуырда Астанадағы №2 қалалық аурухананың жансақтау бөлімшесіне жағдайы мүшкіл бір пациент түсті. Оған медициналық білімі, косметология саласында сертификаты жоқ, мемлекеттік лицензия алмаған дәрігерсымақ пластикалық ота жасады. Науқасқа шұғыл ота жасалып, оның өмірін әрең алып қалған”, - деп жалғастырды спикер.

Халық қалаулысы мұндай деректер жиі кездесетінін жеткізді.

Осыған байланысты Гүлдара Нұрымова медициналық қызметтер туралы әлеуметтік желілердегі жарнамаларға бақылау жүргізіп, медициналық қызметпен заңсыз айналысатындарды анықтау бойынша жұмысты күшейтуді ұсынды.