Денис Теннің өлімі: Алматы сотында спортшының анасы жасаған шағым қаралмақ

0
716

Оксана Тен ұлы қаза тапқан орында болған тәртіп сақшыларына қатысты тексеру жүргізу өтінішімен сотқа жүгінген.


Денис Теннің өлімі: Алматы сотында спортшының анасы жасаған шағым қаралмақ

ERNUR.KZ. Денис Теннің өлімінен кейін спортшының анасы шындық пен әділдікке жету жолында барлық шараларды қабылдамақ. Ұлының өліміне басты себепшілерге үкім оқылған соң ол сотқа жаңадан арыз жазған еді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Осы орайда Денис Теннің ісі бойынша тыңдалым 9 қаңтарда мегаполистің мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында өтеді.

Оксана Тен ұлы қаза тапқан орында болған тәртіп сақшыларына қатысты тексеру жүргізу өтінішімен сотқа жүгінген.

Басылым жасөспірімдер ісі бойынша полиция инспекторлары - Әділбек Мұсаев пен Азамат Нұрпейісов қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының өліміне қатысты істе куәгер болғанын еске салды. Спортшының өмірін қиған шабуыл солардың көзінше жасалғаны хабарланған.

Алайда тәртіп сақшылары Тен ауыр жарақат алған соң ғана оқиға орнына қарай барған.

Нұрпейісов сотта жаралы спортшыны көргеннен кейін куәгерлерден оқиға орнына дәрігер шақыруды сұрағанын айтты. Ал өзі болса шабуыл жасағандардың артынан кеткен.

Оксана Теннің шағымында полицейлердің аса ауыр қылмыстың куәгерлері болғаны, бірақ зардап шегушіге тиісті көмек көрсетпегені айтылған. Анасының сөзінше, тәртіп сақшылары алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын білуге міндетті.

Сондай-ақ, анасының айтуынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел жәрдем шақырмаған, олар уақытылы келгенде спортшының өмірін аман алып қалуы мүмкін еді.

Оксана Тен бірнеше рет құқық қорғау органдарынан аталған қызметкерлердің әрекеттерін бағалауды талап еткен. Спортшының анасы баласын өлтірген қайғылы жағдайдың алдын алуға болатынын-болмайтынын білу үшін барын салуға дайын.

Ол соттың назарын "Ішкі істер органдары туралы" Заңның 19-бабының 1-тармағына аударуға ниетті. Онда құқық қорғау органдарының қызметкерлері заңсыз әрекеттерді тоқтатып қана қоймай, сонымен бірге оған мұқтаж адамдарға көмек көрсетуі керек.

Заңға сәйкес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мұны лауазымына қарамастан, сондай-ақ оқиға болған уақытқа қарамастан орындауға міндетті.

Сондай-ақ, Теннің айтуынша, әрбір полиция көлігі медициналық көмек көрсету кезінде қажет болуы мүмкін заттармен қамтылған. Сонымен, тәртіп сақшыларының көлігінде жәбірленушінің қанын шұғыл тоқтату үшін өрімдер мен таңғыштар болуы керек.

2018 жылдың 7 тамызында Оксана Тен құқық қорғау органдарының қызметкерлері немқұрайлылық танытты, оның арты ауыр зардаптарға әкеп соқтырған деп тәртіп сақшыларына қарсы арыз жазған.

Мегаполис прокуратурасы бұл істі тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қалалық департаментіне тапсырған.

Алайда, 2019 жылдың 7 наурызында қылмыс құрамы анықталмағандықтан тергеу аяқталғандығы белгілі болды.

Оксана Теннің адвокаттары үкімге шағым түсірді, бірақ қалалық прокуратура мен Бас прокуратура бұл арызды тағы да кері қайтарған.

Марқұмның анасының өкілдері қылмыстық іс заңсыз тоқтатылды деп санайды. Сол себепті олар екі полиция қызметкеріне қарсы тергеуді бастауға көмектеседі деген үмітпен сотқа жүгінген.

Еске сала кетейік, Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда автокөлік ұрылары жасаған шабуылдан қаза тапты.