Депутат: "Меңіреу әйелден меңіреу ұрпақ туады!"

0
598

Қарақат Әбден биліктегі қыз-келіншектердің үлесін 50%-ға арттыруды ұсынды.


Депутат:

ERNUR.KZ. Әкімдердің 5 орынбасары бар, бірақ оның ішінде бірде-бір әйел жоқ. "KEGOC", "Қазақтелеком" сынды ірі компанияларда да дәл осындай жағдай қалыптасқан. Мәжіліс отырысында депутат Қарақат Әбден гендерлік теңдік мәселесін көтерді, деп жазады inbusiness.kz.

"Халқымыздың 51%-ын әйелдер қауымы құрайтынын ескерсек, елдегі саяси өмірге де барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Әрине, қазір мемлекеттік басқару ісінде, саясатта, бизнесте де әйелдер үлесі біршама артқанын мойындауымыз керек. Жаңартылған министрлер кабинетінің өзінде 4 әйел бар. Шүкір, өткен жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Бірақ, "бірді көріп "шүкір" айт, бірді көріп "пікір" айт" деген нақыл бар ғой, қазақта", – деп бастады сөзін "Ауыл" партиясы фракциясының мүшесі.

Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жетілдіруге мемлекет басшысы баса назар аударды. Мәселен, Президент квазимемлекеттік компанияларды басқарудағы әйелдердің үлесін 30%-ға арттыруды тапсырған еді. Бірақ, әлі күнге дейін мемлекеттік компаниялардың басқарушы санатындағы әйелдердің үлесі небәрі 6-7%-ды құрайды. Тіпті "Қазақстан Темір Жолы", "KEGOC", "Қазақтелеком" сынды ірі компаниялардың директорлар кеңесінде бірде-бір әйел жоқ.

"Ал халықаралық ашық статистика индексінде Қазақстан әлемнің 146 елін қамтитын жаһандық гендерлік теңдік бойынша Оңтүстік Африка, Ямайка, Мозамбиктен кейінгі 62-орында тұр. Осы орайда, "Ауыл партиясы" барлық жергілікті атқарушы органдар бойынша мәліметтер жинақтады. Мысалы, Түркістан облысын алсақ, әкімнің 5 орынбасары бар, бірақ оның ішінде бірде-бір әйел жоқ. Облыстағы аудан әкімдерінің саны – 17, оның біреуі ғана әйел. Облыста 21 басқарма болса, оның біреуіне ғана әйел жетекшілік етеді. Бұл көрініс, басқа өңірлерге де ортақ деуге болады. Басшы әйелдердің жалпы үлесі 17,8%-ды ғана құрайтынын көрсетіп отыр", – дейді депутат.

Тіпті ең мықты кадрлар шоғырланған Астананың өзінде бір де бір әкім орынбасарлары жоқ, 5 аудан ішінде әйел - әкім тағайындалмаған.

"Біз заман талаптарына сай болуымыз керек! Дейтұрғанмен, арамызда "Әйел бастаған көш оңбайды", "Шашы ұзынның – ақылы қысқа" деген архаикалық, патриархалды ұстанымдағылар әлі де көп. Керек десеңіз, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ұлдарға қарағанда, үздік оқитын қыздар көп. Саясат сахнасы білек емес, білімнің сыналар майданы емес пе?! Жалпы халықтың 50% астам үлесін құрап отырған әйелдер неге басшылықта 50% орынды алмайды деген заңды сұрақ туындайды", – деген депутат осыған байланысты, келесідей ұсыныстарды назарға алуыңызды сұрады:

Әкімдердің қызметін бағалайтын рейтингке өңірдегі топ-менеджменттегі әйелдердің үлесін анықтайтын көрсеткіш қосылсын.

Үкімет тарапынан әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту бойынша нақты бағдарламаларды даярлау қарастырылсын.

"Қазақстандық әйелдердің ел үшін маңызды шешімдерді қабылдауға білімі де, біліктілігі де жетеді. Ия, әйелдің ең ұлы миссиясы – ана, жар болу, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бірақ "Меңіреу әйелден меңіреу ұрпақ туады!" деген ғұлама Мәшһүр Жүсіптің сөзін ұмытпайық. Сондықтан тас керең болашаққа тас атпайық десек, Домалақ ананың көзіндей болған сауатты, саналы әйелдің бүгінгі үні мінбеден естілуі тиіс!", – деп қорытындылады Қарақат Әбден.